«Мәсімов бостандыққа шықса таңғалмаймын». Депутат Қайрат Сатыбалдыға қатысты сұрақтан жалтарды (ВИДЕО)

Бүгін, 18:10 / Alashorda
Коллаж

8 мамыр күні Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжіне 6 жылға сотталып, кейін шартты жазамен босатылған Қайрат Сатыбалды барған болатын, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының әскери-спорт колледжіне баруы қоғамда қызу пікір тудырды. Бүгін парламенттің төменгі палатасына барған Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев БАҚ өкілдерінің колледждегі оқиға туралы сауалдарына жауап берді. Шенеунік министрліктің білім мекемедегі іс-шараға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«Колледждің 40 жылдық мерейтойы өткен. Түлектер ұйымдастырған іс-шара. Бұған министрлік араласқан жоқ. Ол кісі (Қайрат Сатыбалды – ред.) сол мекеменің түлегі ретінде сол жерге келген», – деп түсіндірді вице-министр.

Шенеунік сыбайласқан жемқорлық айыптарымен сотталған азаматтың әскери колледж оқушылары алдында дәріс оқыған деген мәліметті жоққа шығарды.

«Дәріс оқыған дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Оқыған жоқ, оқымайды да. Дәріс оқу үшін ұстаздар қауымы құрамында болуы керек», – дейді Ахмадиев.

Сондай-ақ ол «Колледж басшысына қандай да бір шара қолданылды ма? деген сауалға қысқа ғана жауап берді.

«Жазаланды. Қателеспесем, жұмыстан босатылды», – деп мәлімдеді қорғаныс министрінің орынбасары.

Әскери колледж сайтында және әлеуметтік желідегі парақшасында білім мекемесін майор Берден Ақпанбеков басқаратыны жазылған.

Мәжіліс отырысынан кейін бірнеше депутатқа Қайрат Сатыбалдының әскери-спорт колледжіне барғанына байланысты сұрақ қойды. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым  «Дархан Сатыбалдының колледж түлегі ретінде 40 жылдық мерейтойға барғанында тұрған ештеңе жоқ» десе, ал Ринат Зайыт «Мен қазір ондай нәрселерге таңғалмаймын. Жалғыз бұл мәселе емес. Кеше Дәурен Сейітжанұлына берген сұхбатымда «Кәрім Мәсімов бостандыққа шықса таңғалмаймын» деп жауап берді.  

Бір қызығы Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы нақты сұраққа жауап бере алмай әбден састы. «Ол туралы ақпарат оқымадым» деген депутат Қайрат Сатыбалдыға байланысты сауалды «Арандататын сұрақ» деп бағалады.

Қайрат Сатыбалды Дархан Ахмадиев Болатбек Нәжметдинұлы