Стадионның есігі көрермендер үшін 18:45-те ашылады
Тарихи «Қайрат» – «Реал» ойынына санаулы сағаттар қалды. Еуропа футболының жұлдыздары Алматыға келгенімен, барлығы бірдей Орталық стадионның алаңына негізгі құрамда шықпайды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Алдын ала белгілі болғандай, мадридтік «Реалдың» басты жұлдызы Килиан Мбаппе кездесуді алғашқы минуттардан бастамайды. Француз шабуылшысы тек қосалқы құрамнан алаңға шығуы мүмкін. Бұл шешімге клубтың бас бапкері Хаби Алонсоның өзіндік жоспары әсер еткен.
«Мен алаңға он бір ойыншымен шығамын, және бұл он бір ойыншы — мадридтік «Реалдың» ойыншылары. Бұл өте бәсекеге қабілетті команда болады. Біз алғаш рет топтық кезеңде өнер көрсетіп отырған, бірақ жақсы ойнайтын қарсыласпен кездесеміз. Сондықтан бізден жоғары деңгейдегі ойынды талап етеді», - деді Хаби Алонсо матч алдындағы баспасөз конференциясында.
Матч 30 қыркүйек күні өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен 21:45-те басталады. Стадионның есігі көрермендер үшін 18:45-те ашылады. Бұл шешім көрермендердің көптеп жиналуынан туындайтын қолайсыздықтардың алдын алу мақсатында қабылданған.
Айта кетейік, Алматыға «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы үшін 5 мыңнан астам шетелдік турист келді.