Президент авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатынына тоқталды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Фото: Ақорда
— Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бәсекелестік күшейе түсті. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы, яғни «air cargo»-ның үлесі арта түседі деген болжам жасауда. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия — Еуропа» бағытына тиесілі болмақ. Еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальді логистика жүйесін қалыптастыруы керек, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану қажет екенін айтты.
— Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе жолдарының түйіскен тұсында орналасқан. Біз осы ерекшелігімізді барынша тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз керек. Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ аймағында транзиттік жүк тасымалына байланысты бәсеке күшейіп барады. Сондай-ақ көлік-логистика саласына инвестиция тартуға қатысты талас қыза түсті. Біз де батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз керек. Әйтпесе қолда тұрған мүмкіндік пен артықшылықтан айырылып қалуымыз мүмкін, — деді Президент.
Кеңесте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының президенті Косе Гокер баяндама жасады.
Сонымен қатар талқылауға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.