Назарбаев аяқсыз қалдырған істі Тоқаев жалғастыра ма?

Бүгін, 17:15 / Alashorda
Коллаж

        Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылы Қытайға барған сапары кезінде Астана – Алматы бағытында жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жобасы таныстырылады. Сағатына 350 шақырым жылдамдықпен жүруге арналған жол салынғанда, пойыз 1 337 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 49 минутта еңсере алатын еді. Ал жолай Қарағанды, Балқаш және Шу қалаларына тоқтаса, Алматыға 4 сағат 40 минутта жетер еді. Өкінішке қарай, маңызды жоба іске аспай, аяқсыз қалды.

«Сағатына 350 шақырым жылдамдықпен жүреді»

 

Осыдан 15 жыл бұрын жобаны сол кездегі «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин таныстырған. Ол зерттеу барысында магистраль бағытының бірнеше нұсқасы қарастырылғанын мәлімдеді.

«Біздіңше, ең ұтымды нұсқа – магистральді Балқаш көлі арқылы өткізу. Бұл – ауқымды бастама, әзірге алдын ала жоба. Техникалық-экономикалық негіздеме 2011 жылдың соңына дейін әзірленеді», – деді Асқар Мамин.

Асқар Маминнің айтуынша, Қытай тарапының есебі бойынша салынатын қос жолды учаскенің жалпы ұзындығы 1 050 шақырымды құрайды әрі  сағатына 350 шақырымнан асатын жылдамдықпен жүруіне мүмкіндік береді. Соның арқасында Астана мен Алматы арасындағы сапар уақыты 4 сағатқа дейін қысқаруы мүмкін еді.

Қазақстан теміржолы мен Қытайдың Теміржол министрлігі жүргізген бірлескен жұмыстың қорытындысы бойынша екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстанда жоғары жылдамдықты теміржол магистралін салу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою жоспарланды.

«Астана мен Алматының арасы 300–400 шақырымға қысқарады»

Арада екі жыл өткенде, 2013 жылдың қаңтарында «Қазақстан–2050» стратегиясын іске асыру міндеттеріне арналған кеңесте экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев теміржол туралы қайта сөз қозғады.

«Астана – Алматы бағытында жаңа жолаушылар теміржолын салу жұмысына кірісеміз. Бізге «Тальго» пойызына лайық жаңа теміржол салу керек. Пойыз екі қаланың арасын төрт-бес сағатта жүріп өтсе, бізге сол жеткілікті. Бағдарлама мен жоспар әзірлеуге кірісу керек. Қаржыландырамыз. Бұған дейін көлді айналып өтуді айтқан едік. Астана – Алматы жоғары жылдамдықты желісін Балқаш көлі арқылы көпір салып өткізуге де болады. Сонда Балқаштың өзінде туризм дамып, Астана мен Алматының арасы 300–400 шақырымға қысқарады. Бұл – үлкен жоба, қолға алу керек. Оны бес-алты жылда салып бітіреміз», – деген еді экс-президент.

«Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолының» бұрынғы басшыларының жемқорлық ісі бойынша ұсталуы біздің ескі әрі шабан пойыздарымыздың сын көтермейтінін кезекті рет еске салды. Мысалы, Астанадан Алматыға жуырда іске қосылған Stadler вагондарынан құралған пойыз 19 сағат 20 минутта, ал өзге пойыз 24 сағат 28 минутта жетеді екен. Сондай-ақ жылдамдығы жоғары деп мақталған «Тальго» пойызы елордадан Алматыға 17 сағатта әрең кіреді.

Бір қызығы, іргеміздегі Өзбекстанда сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүретін Afrosiyob пойызы бар. Ол Ташкент – Бұқара бағытындағы 600 шақырым жолды 4 сағат 6 минутта еңсереді екен. Ал Ақтөбе мен Арал арасындағы 584 шақырым жолға 11 сағат 11 минутыңыз кетеді. Яғни өзбектер төрт сағатта жететін қашықтықты Қазақстандағы жолаушылар 11 сағаттан астам уақытта жүріп өтеді.

 

Назарбаев аяқсыз қалдырған істі Тоқаев жалғастыра ма?

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Президенттің айтуынша, «Халықтық құрылыс» еліміздегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналмақ.

«Құрылыспен айналысу – жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылу. Сондықтан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөз жаңғыру жолына түскен Қазақстанның мызғымас қағидаты, жалпыұлттық ұраны болуға тиіс.

«Халықтық құрылыс» жұртымызды бір мақсат пен мүддеге біріктіреді, елімізді нағыз өрлеу мен өркендеу жолына бастайды. Осыған орай, алдағы үш жылдың ішінде Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінеді», – деді Президент.

Астана мен Алматы арасындағы 1 337 шақырым қашықтыққа теміржол салу қыруар қаржыны қажет етеді. Жасанды интеллектінің болжамды есебіне сүйенсек, сағатына 350 шақырым жылдамдықпен жүруге арналған жаңа теміржол салуға шамамен 12–23 триллион теңге кетуі мүмкін. Бұл, әрине, қыруар қаржы. Дегенмен сала мамандары құрылыстың құнын есептеп шықса, нақты бағасын білуге болар еді.

Егер Астана мен Алматы арасында сағатына 350 шақырым жылдамдықпен жүруге арналған жаңа теміржол салынса, бұл нағыз «Халықтық құрылыс» болар еді. Себебі қазір 20 сағатқа жуық уақыт кететін жолды жоғары жылдамдықты желі іске қосылған жағдайда 4–5 сағатта жүріп өтуге мүмкіндік туады.

Алдымен Астана мен Алматы арасындағы теміржол салынса, кейін Бірлік-І станциясынан Шымкент қаласына дейінгі 443 шақырымдық жолдың құрылысын қолға алуға болады. Аталған жол салынса, Астанадан Шымкентке 4 сағат 25 минутта жетуге мүмкіндік туады деген болжам бар. Қазір кәдімгі пойыздар екі қаланың арасын 24 сағат 20 минутта, кейбірі тіпті 26 сағат 57 минутта жүріп өтеді. Ал «Тальго» пойызы Астанадан Шымкентке 19 сағат 16 минутта жетеді. Одан кейін Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын теміржолдар салына берер деген үміт бар...

 

 

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана Нұрсұлтан Назарбаев Алматы Шымкент ҚТЖ Темір жол Асқар Мамин жүрдекпойыз