Назарбаев мектебінің түлегі Италияда қаза тапты

Бүгін, 17:15 / Alashorda
Фото: ilvibonese.it

Италияның оңтүстігіндегі Бриатико қаласы маңындағы жағалаудағы жартастар арасынан қазақстандық Нұрдәулет Машариповтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Нұрдәулет Машарипов – Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі екен. Бұл туралы оның танысы Дінмұхамед Мұхтаров Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт теңізде болған қайғылы оқиға салдарынан суға батып кеткен. Қазір оның отбасы мәйітін Қазақстанға жеткізу үшін қаражат жинап жатыр. Тасымалдау шығындары шамамен 8 мың еуроны құрайды.

Белгілі болғаны, Нұрдәулет Италиядағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып жүрген.

Италиялық БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға 9 маусымда болған. Вибо-Валентия провинциясындағы Бриатико жағалауынан жас жігіттің денесі судан шығарылған. Тергеудің бастапқы нәтижелері бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Алайда жағалаудағы жартастарға соғылудан болған дене жарақаттары тіркелген. Мамандардың болжамынша, ол суға батып қайтыс болуы мүмкін.

Марқұмның жанынан ұялы телефон табылған, ал жағалаудағы жартастардан оның жеке заттары – сөмкесі мен киімдері табылған.

Назарбаев зияткерлік мектебі Нұрдәулет Машарипов Италия