Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша орташа айлық жалақы 442 мың теңгені құрады. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін таныстырған Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Министрдің айтуынша, өткен жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өсіп, негізгі өсім көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары есебінен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 12,3 пайызды құрады. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде сақталған.
Мәди Такиевтің сөзінше, республикалық бюджеттің меншікті кірістері 17,5 пайызға артқан. Үкіметтің негізгі басымдықтары ретінде сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халық табысын арттыру, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын сақтау және әлеуметтік міндеттемелерді орындау белгіленген.