Отаншылдық өз үйіңнен басталады — Бауыржан Момышұлы

Бүгін, 15:44 / Alashorda
adebiportal.kz

Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Тәуелсіздік күні ұлт рухын асқақтатқан, ерлік пен отаншылдықтың символына айналған Ұлы қолбасшы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының өсиетке толы ой-толғамдарын оқырман назарына ұсынады. Бұл сөздер — өткеннің ғана емес, бүгінгі және болашақ ұрпақтың да темірқазығы.

 

Әр әке балам бақытты болса екен, ұрім-бұтағым үзілмесе екен, өшпесе екен деп тілейді. Осы мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың басында қаралы жексенбілерде қан кешіп жүріп, сендерге кең-байтақ Отан жасап бердік.

Сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ. Ол қазіргі кең жазира Отаның  сенің. Өйткені Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ. Соны көздің қарашығындай сақтаңдар!

Соңғы үш ғасырда дүниеге үш жалмауыз берген адамзат жауыз ұрпақсыз ұлға қысыр боп қалмас.

Бір ғасырда бір Наполеон, екі жүз жылда бір есуас Гитлер тумай қоймас.

Ондай жауыздардан елді, жерді қорғау, сақтап қалу – сенің борышың, алғы ұрпақ!

***

Ұзын бойы қысқарады, үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол – табиғат заңы. Адам өлгенімен, оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, атқарған ұлы ісі өлмейді.

Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аянбай еткен еңбек пен ерліктен туады.

Өткен Отан соғысында он тоғыз–жиырма жасар азаматтар ерекше ерлік көрсетті. Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір болу керек.

 ***

Жастарымыз отаншыл болсын. Отаншылдық – әр адамға керекті ұлы қасиет.  Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауылы мен қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе — сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің ата-анасын құрметтемейді.

Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек. Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.

***

Намыс — азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпайын дейді. Ер жігіттің елі — ата-анасы,
Отаны — өз үйі.

***

Патриотизм — «Отаным, сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол — формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде.

Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, іскер болып өседі. Іс деген — осы. Патриотизм дәл осыдан басталады.

***

Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы — адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал еңбекшілдік, білімділік, тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық — армия үшін ең қажетті қасиет.
Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ.

***

Жастар араққа үйір болмауы керек.  Арақ — адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң, одан қашып құтыла алмайсың.
Ең алдымен осыдан сақтану керек. Арақ — адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен
жоюға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайды.
Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де шамасы жетпейді.

***

Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы ұрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ!
Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің дауысым?

Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар:

Ол - Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! – деген сөз. Ол - халықтар достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстаңдар! – деген сөз.



«Ақиқат пен аңыз» кітабынан

Бауыржан Момышұлы сөздері

 

 

 

 

Бауыржан Момышұлы тарих мереке нақыл сөздер Тәуелсіздік күні