Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында қайтадан қарулы қақтығыстар болды: қаза тапқандар мен жараланғандар бар

7 желтоқсан, 2025 / Alashorda
aa.com.tr

Ауғанстанның Қандағар провинциясындағы Спин-Болдак шекаралық қаласы маңында шамамен төрт сағатқа созылған қарулы қақтығыстар туралы ақпарат тарады.  Жергілікті ауруханаға төрт адамның мәйіті жеткізілген. Пәкістан тарапы үш адамның жараланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі BBC-ге сілтеме жасап. 

Түнгі уақытта Спин-Болдак қаласынан босқындардың жаппай ағылуы байқалды. Видеокадрларда жаяу және автокөлікпен қашып бара жатқан адамдардың көптігі көрінеді. Сонымен қатар, көршілес елді мекендердің тұрғындары да қауіпсіз аймақтарға кетуге мәжбүр болған.

Соңғы айларда екі ел арасында бірнеше рет қарулы қақтығыстар орын алды. «Талибан» өкілдері Пәкістанды Ауғанстан аумағына әуе соққыларын жасады деп айыптап келеді. Ал Пәкістан тарапы «Талибанды» ел ішінде шабуыл жасаған қарулы топтарға пана беріп отыр деп кінәлайды. Өз кезегінде талибтік үкімет Пәкістан өзінің «қауіпсіздік саласындағы ішкі қателіктері үшін жауапкершілікті өзге тараптарға жүктеп отыр» деп мәлімдеді.

Қазіргі таңда екі тарап та Катар мен Түркияның арағайындығымен екі айға жетпей бұрын орнатылған атысты тоқтату режимін бір-бірі бұзды деп айыптауда. Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифтің өкілі Мушарраф Заиди талибтерді «ешбір себепсіз оқ атты» деп айыптаса, «Талибан» өкілі Пәкістан «шабуылды қайта бастады» деп мәлімдеп, жауап қайтаруға мәжбүр болғандарын айтты.

Өткен аптада тараптардың делегациялары Сауд Арабиясында бейбіт реттеу мәселесіне арналған келіссөздердің төртінші раунды аясында кездескенімен, тараптар ортақ келісімге келе алмады.

қақтығыс Пәкістан Ауғанстан