Пашинян ЕАЭО елдері басшыларының референдум өткізу ұсынысын қабылдамай тастады

Бүгін, 15:20 / Alashorda
Фото: eec.eaeunion.org

Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян елдің болашақта Еуропалық одаққа кіруі мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы ынтымақтастықты жалғастырудың бірін таңдау жөнінде референдум өткізу туралы ұсынысты қабылдамады. Бұл туралы DW жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Ол мұндай ұсынысты «ақылға сыймайды» деп атап, қазір жалпыхалықтық дауыс беру өткізуге негіз жоқ екенін айтты.

«ЕАЭО мен Еуроодақ арасында таңдау жасау сөзсіз қажеттілікке айналғанға дейін біз ЕАЭО-да жұмыс істейміз және жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Пашинян 1 маусым күні Facebook-тегі тікелей эфирде.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда мұндай таңдау жасау құр теориялық сипатқа ғана ие.

«Теориялық мәселені референдумға шығару, әрине, аса орынды әрі дұрыс шешім емес», – деді Армения үкіметінің басшысы.

Пашинян референдум өткізу идеясын елдің Еуроодаққа мүшелікке ресми өтініш беруіне немесе кандидат мәртебесін алуға жақындаған кезеңге дейін кейінге қалдыруды ұсынды.

Осы уақытқа дейін Армения «Еуразиялық экономикалық одақта сабырлы, бейбіт жағдайда, артық дау-дамайсыз жұмысын жалғастыра береді. Өйткені елдің бұл бағытта әлі де мүмкіндіктері бар және оларды жақын болашақта пайдалануды көздеп отыр», деп қосты Пашинян.

Айта кетейік, 29 мамыр күні Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, Армениядан Еуроодаққа кіру мен ЕАЭО мүшелігін сақтап қалу мәселесі бойынша референдум өткізуді талап еткен еді.

Никол Пашинян Референдум ЕАЭО