Ақорда Президенттің алдағы үш жылға арналған бюджет туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
- Мемлекет басшысы «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, - делінген құжатта.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Сенаторлар республикалық бюджет жобасына 76 түзету енгізді.
Өңірлерге арналған субвенциялар көлемі 17,5 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бұған қоса, 2026 жылы өңірлерді дамытуға 28,5 млрд теңге бағытталады. Бұл қаражат жылу және электр энергетикасы, газбен жабдықтау, жағалауды нығайту жұмыстары және басқа да бағыттарды қамтиды.
Қосымша қаржыландыру көздерінің қатарында Үкіметтің резерві және қарызды өтеу шығындары есебінен босатылған қаражат көрсетілген. Сонымен қатар 79 млрд теңге мемлекеттік органдар арасында, ал 73,4 млрд теңге бір ведомствоның бюджет бағдарламалары ішінде қайта бөлінді.
2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы заңға сәйкес, жергілікті бюджеттер кірістерінің болжамы төмендегідей:
• 10,7 трлн теңге — 2026 жылы,
• 12,1 трлн теңге — 2027 жылы,
• 13,3 трлн теңге — 2028 жылы.
Шығыстар деңгейі тиісінше 14,9 трлн, 17,3 трлн және 18,7 трлн теңге көлемінде болжануда.
Трансферттерді есептеу кезінде Үкімет мақсатты сипаттағы ағымдағы трансферттерді, сондай-ақ АӨК-ті субсидиялауға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, жаңа нысандарды ұстауға және басқа да бағыттарға арналған қаражатты ескерген. Олардың көлемі:
• 1,5 трлн теңге — 2026 жылы,
• 1,6 трлн теңге — 2027 жылы,
• 1,7 трлн теңге — 2028 жылы.
2026 жылға арналған субвенциялар 5,2 трлн теңге, ал алынатын қаражат 879,9 млрд теңге мөлшерінде белгіленді.
Үкіметтің бағалауынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджеттен трансферттерге тәуелділігі 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді.
Республикалық бюджеттің болжамды түсімдері 2026 жылы 19,2 трлн теңгені (ЖІӨ-ге шаққанда 10,5%) құрайды, ал 2028 жылы 23,2 трлн теңгеге (20,8%) дейін өседі. Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2,77 трлн теңге көлемінде белгіленген, ол мұнайдың шекті бағасына негізделген лимиттер аясында айқындалған.
Республикалық бюджет шығыстары мынадай көлемде айқындалды:
• 27,7 трлн теңге — 2026 жылы (ЖІӨ-ге шаққанда 15,1%),
• 28,8 трлн теңге — 2027 жылы (14%),
• 29,8 трлн теңге — 2028 жылы (13%).
Барлық параметрлер бюджет ережелерін ескере отырып қалыптастырылған.
Сонымен қатар Президент 2026-2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы заңға қол қойды.