Президент Путинді Мемлекеттік Дума сайлауының өтуімен құттықтады

Бүгін, 13:01 / Alashorda
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ресей Президенті Владимир Путинге құттықтау жеделхатын жолдады. Президент Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді тоғызыншы шақырылымдағы Мемлекеттік Дума сайлауының табысты өтуімен құттықтады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Ақордға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы аталған сайлау Ресейдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға екенін, ал дауыс беру нәтижесі Ресейдің ұзақмерзімді мүддесін қорғауға бағытталған Владимир Путиннің стратегиялық бағдарын халық кеңінен қолдайтынына айқын дәлел болғанын атап өткен.

— Сайланған Мемлекеттік Дума депутаттары азаматтардың әл-ауқатын көтеру және Ресейдің әлемдік держава ретіндегі әлеуетін нығайту мақсатында тиімді шаралар мен шешімдер қабылдайтынына күмән жоқ, — делінген құттықтауда.

Жеделхатта Қазақстан-Ресей одақтастық қарым-қатынасының маңызды бөлігі ретінде парламентаралық ықпалдастыққа айрықша назар аударылған.

Қазақстан Президенті Құрылтай депутаттары мен Ресей парламентарийлері екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту үшін бірлескен жұмысты белсенді жалғастыратынына сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің Ресей Федерациясының өркендеуі жолындағы мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.