Президентке Алматының әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен негізгі даму бағыттары таныстырылды

Бүгін, 16:29 / Alashorda

Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалы және негізгі даму бағыттарының іске асырылуы туралы баяндалды.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, қала экономикасында оң динамика байқалады: 2025 жылдың қорытындысы бойынша өсім 6,5 пайызды құрады, ал биылғы қаңтар-ақпан айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 9,4 пайызға жетті. Негізгі көрсеткіштер өнеркәсіп, құрылыс, өлік және сауда салалары есебінен құралады.

Шаһардың инвестициялық портфелі 2,8 триллион теңгеден асады. «Алматы» индустриялық аймағы мен «Алатау» арнайы экономикалық аймағына жаңа жобаларды тарту мақсатында кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алматы еліміздің IT секторында жетекші рөл атқарады. Цифрландыру аясында Almaty AI Park қалыптасып, жасанды интеллект негізіндегі бейнемониторинг пен талдау жүйесі дамып келеді.

Туризм мен тау кластерін өркендету жалғасады. Биыл «Шымбұлақты» жаңғырту, іргелес шатқалдарды дамыту жұмыстары басталады. Жобаларды іске асыру 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарына дайындық шараларымен бірге жүргізіледі. Сонымен қатар қонақүй инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. Бас жоспарды түзету аяқталуға жақын. Онда қала ішіндегі орталық моделін дамыту және тау бөктеріндегі аумақта құрылысқа шектеу енгізу көзделген.

Қоғамдық көлікті ілгерілету, соның ішінде BRT желісін кеңейту, метро құрылысы және жаңа транспорттық шешімдерді пысықтау негізгі басымдық саналады. Инженерлік инфрақұрылым және сумен жабдықтау жүйесі жаңартылып жатыр. Экологиялық күн тәртібіне ерекше назар аударылып, жылу көздерін жаңғырту және шығарындыларды азайту шаралары қолға алынды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Almaty AI Park жобасын жеделдету, сондай-ақ LRT және SkyTrain жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Алматы Дархан Сатыбалды