Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) сайлауалды науқанын қорытындылап, форум өткізді. Форумға партия басшылығы, кандидаттар, жақтастары мен үзеңгілес серіктестер, тәуелсіз сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына сайлауға байланысты жүргізілген сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қорытындыланды.
Форумда партияның сайлауалды штабының үгіт-насихат науқаны барысында атқарған жұмыстарының нәтижелері жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар партияның негізгі стратегиялық бастамалары мен сайлауалды бағдарламасының өзегі түсіндірілді.
Іс-шара аясында сайлауалды науқан барысында атқарылған жұмыстар туралы баяндалып, үгіт-насихат жұмыстарына белсенді атсалысқан азаматтардың еңбегі ерекше атап өтілді. Сондай-ақ ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» атты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары нақтыланды. Партия өкілдері саяси, әлеуметтік және экономикалық мәселелерге тоқталып, негізгі бастамаларды таныстырды.
Форумда сөз алған кандидаттар өздерінің үгіт-насихат жұмыстары кезінде сайлаушылармен өткізген кездесулері туралы айтып, халықпен тікелей диалог орнатудың маңызына тоқталды. Сонымен қатар, ЖСДП кандидаттары қоғам өкілдерімен кездесіп, елдің даму перспективалары жөніндегі өз көзқарастарын ортаға салды.
Шара барысында ЖСДП төрағасы, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидат Асхат Рақымжанов сайлауалды науқанның барысындағы негізгі жағдайларға тоқталды. Оның айтуынша, партияның барлық филиалдары, өкілдері мен жақтастары еліміздің түкпір-түкпірінде сайлаушылармен кездесулер өткізген. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы ауқымды ақпараттық науқан жүргізілген.
«ЖСДП-ға мүшелікке қабылдану тәртібі және үгіт-насихат науқанының аяқталуы шынымен үлкен жұмыстың нәтижесі болды. Біз сайлау үгіт-насихат жұмыстарын бастаған шақта «Халықтың телефон», «Құрылтайға хат» жобаралын бастаған болатынбыз. Осы бастамалар негізінде 800-ден астам өтініш хаттар мен 1700-ге жуық өтініш пен қоңырау тіркелді. Бұдан бөлек, партияның кеңсесіне келіп, партияға мүшелікке қабылдау туралы өтініш жазғандар да көп болды. Тағы бір маңызды жайтты еске сала кеткім келеді. Бүгін – үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күні. Сағат 23:59-да үгіт-насихат науқаны аяқталады. Осы уақыттан кейін жаңа үгіт материалдарын жариялауға болмайды. Сондықтан баршаңызды бұл талапты қатаң сақтауға шақырамын. Біздің команда өте үлкен жұмыс атқарды. Оны бағалау қажет. Баршаңызға тағы да үлкен алғысымды білдіремін. Бізге көрсеткен қолдауларыңыз үшін көп рақмет! Бұл қолдау біз үшін өте маңызды. Себебі осы арқылы біз өз бағытымыздың дұрыс екенін, қабылдап жатқан шешімдеріміз бен жасап жатқан әрекеттеріміздің және халыққа жеткізіп отырған сөзіміздің орынды екенін түсінеміз», – деді Асхат Рақымжанов.
Шара барысында партияның орталық сайлауалды штабында еңбек еткен азаматтар да таныстырылды. Олардың қатарында ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлерінен бастап еріктілерге дейін болды. Жалпы жүргізілген жұмыстар туралы Құрылтай депутаттығына кандидат, партияның Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов та сөз сөйледі.
«ЖСДП – жиырма жылдық тарихы бар, өзінің қалыптасқан жолы бар партия. Шын мәнінде, бұл бір жарым айлық науқан ғана емес, бұл – біздің партияның жиырма жылға жуық тарихы бар үлкен күресінің жалғасы. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия осы жиырма жыл ішінде Парламентке өту үшін қаншама жолдан өтті. Қаншама қиындықты бастан өткердік, қаншама сынақты артқа тастадық. Бүгін халықтың қолдауын көріп отырмыз. Бірінші кезекте осы залда отырған баршаңызға үлкен алғыс айтқым келеді. Бізге сеніп, партиямыздың идеясын елге жеткізіп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін рақмет. Әсіресе өзіммен үзеңгілесе жүрген әріптестеріме алғыс білдіремін. Партиямызға осы сайлауда жеңіс тілеймін!» – деді ол.
Шара барысында сөз алғандардың қатары көп болды. Қатысушылар партияның сайлауалды жұмыстарына тоқталып, оның алдағы бағыты мен болашағына қатысты пікірлерін білдірді. Сондай-ақ 23 тамыз күні ЖСДП-ға дауыс беруге шақырды.
Партияның әйелдер қанатының атқарған жұмыстарына форумда ерекше көңіл бөлінді. Үгіт-насихат жұмыстары барысында PANA жобасынан бөлек, әйелдердің қоғамдағы рөлі, гендерлік теңдік, инклюзивті қоғам және бала тәрбиесіне қатысты көптеген шаралар ұйымдастырылып, форумдар өткізілді.
Бұл туралы Құрылтай депутаттығына кандидат, партияның әйелдер қанатының төрағасы Ажар Сағандықова айтты.
«ЖСДП – әйелдердің үні естілетін партия. Біз жәй ғана жұмыс істеген жоқпыз, біз әрбір дауыс үшін шын мәнінде күресіп жатырмыз. Осы ретте мен нәзік жанды үзеңгілестеріме ерекше алғыс айтқым келеді. Әйелдер командасына үлкен рақмет! Барлық қиындықтарға қарамастан бізбен бірге жүрді. Біздің әйелдеріміз тағы да өздерінің қаншалықты мықты екенін дәлелдеді.
Біз бұл сайлауда жеңіске жететінімізге сенеміз. Мүмкіндігінше көп дауыс жинап, халыққа берген уәделеріміз үшін күресетін боламыз. Оның ішінде зейнет жасын төмендету, азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу жолына күш саламыз. Бізді таңдаңыздар, бізге дауыс беріңіздер! Бюллетеньдегі біздің нөміріміз – 2», – деп сөзін түйіндеді Ажар Сағандықова.
Құрылтай депутаттығына кандидат, «Autism Kazakhstan» ұлттық қауымдастығының төрайымы Нұрия Балтабайқызы да сайлауалды науқан барысындағы жұмыстарына тоқталды.
«Мен де осы сайлау науқаны кезінде партияның форумдарына қатысып, өңірлерді араладым. Осы бір ай ішінде еңбек еткен барлық қызметкерлерге, штаб мүшелеріне, волонтерлерге және бізді қолдаған азаматтардың барлығына үлкен алғысымды білдіремін. Сіздердің алдарыңызда басымды иемін. Өйткені біз нақты әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген адамдардың басын қостық. Кеше ғана Ақтөбе қаласында республикалық әйелдер форумын өткіздік. Бұл – әйелдердің үнін еститін партия. Сондықтан, құрметті қазақстандықтар, осы сайлауға қатысып, партиямызды қолдап жүрген азаматтардың еңбегін ескеріп, ЖСДП-ға, бюллетеньдегі 2-нөмірге дауыс берулеріңізді сұраймын», – деді Нұрия Балтабайқызы.
Іс-шараға ЖСДП депутаттығына кандидаттар мен партия көшбасшылары, партияның белсенді мүшелері мен жақтастары қатысты. Сонымен қатар саясаттанушылар мен тәуелсіз сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қоғам белсенділері де бас қосты.
Жалпы, форум ЖСДП-ның сайлауалды науқаны барысында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, партияның негізгі бастамалары мен алдағы саяси бағытын тағы бір мәрте таныстыруға мүмкіндік берді. Партия өкілдері сайлаушылармен тікелей кездесулердің, әлеуметтік мәселелерді көтерудің және азаматтармен ашық диалог орнатудың маңызын атап өтті. Сайлауалды науқанның аяқталуымен партия үшін ендігі кезең – сайлаушылардың таңдауын күту және жариялаған бағдарламалық міндеттерін жүзеге асыруға дайындық кезеңі басталады.
Тапсырыс беруші: ЖСДП төрағасы А. Н. Рахимжанов.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Республикалық
қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.