Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Бүгін, 13:07 / Alashorda
Ақорда

Қазақстан Президенті Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Әмірліктердің басшылығы мен барша халқына шынайы құрметін, қолдауы мен тілектестігін жеткізді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев қарулы қақтығыс барысында Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылатынын айтты. 

– Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін достас әрі бауырлас ел ретінде қарастырады, қажет жағдайда қал-қадерінше көмектесуге дайын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы БАӘ азаматтық нысандарына, сондай-ақ Шығанақтағы басқа да елдерге жасалған шабуыл қатаң айыпталуы керек деп санайды.

Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян еліміздің қолдауын жоғары бағалап, қазіргі халықаралық дағдарысты еңсеруде көмек көрсетуге ықылас танытқаны үшін ризашылығын білдірді.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейіл екенін растады. Сондай-ақ қасиетті Рамазан айында екі елдің халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Біріккен Араб Әмірліктері