Мемлекет басшысы Токио губернаторы Юрико Коикэмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юрико Коикэ цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Мемлекет басшысы қаланы басқару ісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екеніне тоқталды.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, шаһарды басқару тиімділігін арттыруды және орнықты даму үшін озық технологияларды пайдалануды көздейді.
Президент Токионың Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді. Бұл азаматтық қорғаныс пен қаладағы қауіп-қатерлердің алдын алудың негізгі жүйесі саналады.
Орталықтың басты міндеті – қаладағы ахуалға ұдайы мониторинг жүргізу, төтенше жағдай кезінде билік органдарының іс-әрекетін үйлестіру, ықтимал қатер мен орын алған апаттар (жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техногендік апаттар, лаңкестік актілер) туралы ақпараттарды талдау. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға баса көңіл бөлінеді. Бұл жұмыспен тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлімше шұғылданады. Ал күнделікті өмірде кешен дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдіру, азаматтық қорғаныстың өңірлік жоспарын әзірлеу, оқу-жаттығу жиындарын дайындау және өткізу, халықты құлақтандыруға, апаттардың салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамыту ісімен айналысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Токиода Жапонияның ірі және ықпалды сауда-инвестициялық корпорациясының бірі саналатын Sumitomo жетекшісімен кездесті.
Қазақстан Президенті еліміз Sumitomo корпорациясының орнықты даму мен бизнестің жауапкершілігін арттыруға бейілдігін жоғары бағалайтынын, сондай-ақ компанияны ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Шинго Уэно Мемлекет басшысына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясымен бірлескен жобаны іске асыру жайында мәлімет берді. Аталған жоба ядролық медицина саласында уран өнімдерінен ем-шараға қолдануға арналған радий изотоптар алудың ғылыми-негіздемелік әдістерін әзірлеуді қарастырады.
Кездесуде көлік-логистика, энергетика, атом өнеркәсібі, металлургия және геологиялық барлау салаларында бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы Жапония металл және энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі ұйымының (JOGMEC) төрағасы Ичиро Такахаруды қабылдады.
Кездесуде геологиялық барлау, аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты басқару бағыттарындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы JOGMEC компаниясының Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.
Сонымен қатар әңгімелесу барысында ұйымның еліміздегі геологиялық барлау жобаларына қатысу және өкілдік ашу мүмкіндіктері қарастырылды. Президенттің пікірінше, бұл бірлескен жобаларды тиімді үйлестіруге, сондай-ақ Жапонияның өндірістік және технологиялық компанияларының Қазақстан нарығына көптеп келуіне ықпал етеді.
JOGMEC – Жапонияның энергетикалық және минералды шикізат қауіпсіздігіне жауапты негізгі мемлекеттік институты. Ұйым мұнай, газ, сутегі, аммиак және сирек кездесетін металдардың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз ететін мемлекеттік оператор міндетін атқарады.
Қазақстан Президенті Mitsui компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Тацуо Ясунагамен кездесті.
Президент Қазақстандағы белсенді қызметі және Жапониямен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Mitsui басшылығына ризашылығын білдірді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын халықаралық жеткізу тізбегін қалыптастыруда, инфрақұрылымды дамытуда, энергетика мен өнеркәсіп салаларын өрістетуде маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысы Қазақстан экономиканың негізгі секторларында Mitsui компаниясының қызмет аясын кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, компанияның Астанада күрделі жөндеу және құрал-жабдықтарды қайта қалпына келтіру бойынша өндірістік кешен құрылысына қатысу жоспарын мақұлдады.
Сондай-ақ өзара қызығушылық танытқан салалар қатарында аса маңызды минералдар, көлік-логистика, табиғи апаттардың алдын алуға арналған технологияны енгізу бағыттары бар.
Қазақстан Президентінің Токиоға сапары аясында Mitsui компаниясымен бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қою жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады.
Кездесуде Мемлекет басшысы Komatsu компаниясы еліміздің тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі саналатынын атап өтті.
Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін құптады.
Хироюки Огава стратегиялық тұрғыдан маңызды нарық саналатын Орталық Азияның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Ол жаңа кешеннің аймақтағы тау-кен компанияларының техникаларын аз уақыт ішінде төмен бағада жөндейтін әрі оларға жедел сервистік қызмет көрсететін өңірдегі ірі хабқа айналатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін озық технологиялар алуға ниетті.
Кездесу барысында маман даярлау мәселесіне баса мән берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясының елімізде операторларға, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу туралы бастамасына қолдау білдірді. Сондай-ақ бұл жобаның адами капиталды дамытуға, өнеркәсіптік серіктестікті тереңдетуге зор үлес қосатынын айтты.
Komatsu құрылыс, тау-кен, жол және индустрия салаларына қажетті техникалар өндіруге маманданған әлемдегі ең ірі машина жасау корпорацияларының бірі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады.
Кездесу барысында қазақстандық тау-кен кәсіпорындарының жапондық компаниямен ынтымақтастығын кеңейту перспективасы қаралды.
Мемлекет басшысы Hitachi Construction Machinery компаниясының өңірдегі басты серіктесі саналатын Қазақстан өзара тиімді байланыстарды тереңдетуге дайын екенін атап өтті.
Президенттің пікірінше, алдағы уақытта кен орындарының қажеттілігі үшін өндіріс локализациясы мен құрал-жабдықтарды жөндеу ісіне басымдық беру маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру, «жасыл» технологияларды енгізу және дербес көлік жүйесі бірлескен жұмыстың перспективті бағыттары бола алады деп санайды.
Масафуми Сэнзакидің айтуынша, компанияның басты мақсаты – жаһандық деңгейдегі, сонымен бірге Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыру аясында жоғары технологиялы, төмен көміртекті, қауіпсіз шешімдер әзірлеу әрі оны өндірісте қолдану.
Hitachi Construction Machinery – құрылыс және тау-кен техникаларын шығаратын әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі. Компанияның экскаваторлары, карьерге арналған жүк көліктері және басқа да техникалары 150-ден аса елде, соның ішінде Қазақстандағы ірі кен орындарында жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды.