Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та ұсталған Қазақстан азаматы Еламан Балтагерейге қатысты жағдайға түсініктеме берді. Америкалық билік оны терроризммен байланысы болуы мүмкін тұлға ретінде қарастырып отыр, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, министрлік бұл жағдайдан хабардар және қазір істің барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев терроризмге қатысты баптар бойынша айып тағылған жағдайларда әдетте алдымен тергеу жүргізіліп, кейін сот рәсімдері өтетінін айтты.
АҚШ-та терроризммен байланысы бар немесе осындай байланысқа күдікті тұлға ретінде сипатталған Қазақстан азаматы ұсталған еді. Бұл туралы АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Еламан Балтагерей 5-маусым күні федералдық серіктестердің қатысуымен жүргізілген арнайы операция барысында қолға түскен. ICE өкілдерінің айтуынша, өткен жылдың жазында иммиграциялық сот оны елден депортациялау туралы шешім шығарған. Алайда ол сот отырысына келмеген. Америкалық тараптың мәліметінше, ол террористік қызметке қатысы бар деген күдікке ілінген тұлғалар тізімінде болған.
Қазір Еламан Балтагерей АҚШ-тан шығару рәсімі аяқталғанға дейін қамауда отыр.