Қазақстан екінші жыл қатарынан рекордтық дәнді дақыл өнімін жинауда: 2025 жылы - 27,1 млн тоннадан асты

Бүгін, 21:30 / Alashorda
pixabay.com

Азық-түлік қауіпсіздігі және негізгі азық-түлік өнімімен өзін-өзі қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі нарықты мұнай өнімімен толықтыру мәселесі экономикалық қауіпсіздіктің негізгі факторының бірі ретінде вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің ведомствоаралық комиссиясы отырысында қаралды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан екінші жыл қатарынан рекордтық дәнді дақыл өнімін жинауда. 2025 жылы жалпы алым 27,1 млн тоннадан асты. Майлы дақыл өнімі алғаш рет 4,8 млн тоннаға жетті. Картоптың жалпы өнімі 2,9 млн тонна. Бұл өткен жылғы деңгейден 300 мың тонна артық.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов атап өткендей, дәнді, бұршақты, майлы және көкөніс өндіру көлемі ішкі нарықтың қажеттілігін толықтай жауып, экспорттық әлеуетті қалыптастырады. 2025 жылы негізгі азық-түлік бағасының динамикасына әлемдік баға конъюнктурасы мен логистикалық шығын секілді сыртқы фактор айтарлықтай әсер етті.

Ең жоғары баға қысымы ет және сүт өніміне, сондай-ақ майға әсер етуі жалпы әлемдік тенденцияға сәйкес келеді. ФАО мәліметіне қарағанда, қарашадағы ет бағасы индексі 124,6 тармақ, май мен май 165%, сүт өнімі 137,5%. Биыл сиыр еті бағасының өсуі айқын көрінді. Бұл ішкі нарықтағы бағаны ұзақ жылдар бойы ұстап тұру кезіндегі сыртқы нарықтағы жоғары сұранысқа байланысты. Жыл ортасынан бастап мемлекеттік реттеуге жататын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасы тұрақтандырылды. Соңғы алты апта қатарынан ӘМАТ бағасының орташа индексі нөлдік деңгейде сақталуда. Баға мемлекеттік реттеу шаралары кешені мен нарықты тікелей қанықтыру есебінен тежелді. Оның ішінде негізгі позицияларға (тұз, жұмыртқа, картоп, күнбағыс майы) баға белгіленіп, тірі малды әкетуге тыйым салынды.

ІҚМ еті экспортын квоталау бойынша отандық өндірушілермен меморандумдар жасалды. Отандық тауар өндірушілер өнімін қолдау үшін Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын отандық өндіріс тауарына сөре кеңістігінің кемінде 30%-ын беруге міндетті ішкі сауда субъектілерінің шеңберін кеңейтті. Осы жылдан бастап талап тек сауда желілеріне ғана емес, сонымен қатар барлық ішкі саудадағы шамамен 760 мың шаруашылық жүргізуші субъектілерге де қолданылады. Мал шаруашылығын дамыту үшін 2026 жылы саланы дамытудың Кешенді жоспарын жүзеге асыру басталады. Құжат мал шаруашылығының барлық бағыты бойынша айналым қаражатына жеңілдікпен несие беруді, асыл тұқымды мал басын сатып алуды қаржыландыруды, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын дамытуды және саланы кадрмен қамтамасыз ету шараларын көздейді.

- Осы жылғы қыркүйекте бордақылау алаңдарын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын қаржыландыру басталды. Жалпы салаға кемінде 200 млрд теңге кредиттік қаражат бөлу жоспарлануда. Алдағы уақытта қаржыландыру көлемі ұлғаяды»— деді Азат Сұлтанов.

Отырыста импортқа тәуелділігі басым азық-түлік өндірісінің тұрақты өсуі атап өтілді. 2025 жылғы 11 айда ірімшік пен сүзбе өндірісі 48,5 мың тоннаға (+8,7%), қант 142,2 мың тоннаға (+18%), құс еті 337,1 мың тоннаға (+3,3%), шұжық өнімі 71,7 мың тоннаға (+6,9%), балық өнімі 65,2 мың тоннаға жетті (+9,5%).

Импортқа тәуелділіктен толық арылу үшін инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Құс шаруашылығында жалпы қуаттылығы жылына 241 мың тонна ет болатын 167,9 млрд теңге сомаға 2028 жылға дейін аяқталатын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қант саласында 2026 жылы Жамбыл облысында қуаттылығы тәулігіне 8 мың тонна шикізат болатын Zhongkai Guoyuan (Anhui) қант зауытының құрылысы басталады. Алматы облысында «Qazaq Arab Sugar» инвесторымен бірінші кезеңде осындай қуатты зауыт салу туралы келісімге қол қойылды. Ірімшікпен, сүзбемен және шұжық өнімімен қамтамасыз етуді ұлғайту үшін 2026 жылы 35,1 млрд теңге сомасына сүтті қайта өңдеу бойынша 10 жобаны және 32,8 млрд теңге сомасына етті қайта өңдеу бойынша 14 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Шикізат базасын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау шеңберінде құрылатын жаңа тауарлы сүт фермалары (ТСФ) қамтамасыз етеді.

Жалпы қуаттылығы жылына 540 мың тонна сүт өндіретін 95 ТСФ қаржыландырылып, оның ішінде 53 ферма пайдалануға берілді. Отырыста атап өтілгендей, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімінің экспорты өсуде. Өсімдік шаруашылығында экспорт көлемі құндық мәнде $2,3 млрд, 41,2%-ға артты. Өсу бидай, күнбағыс майы, мал азығы, арпа және зығыр тұқымы секілді дәстүрлі экспорттық позициялар есебінен қамтамасыз етілді. Мал шаруашылығында экспорт 25,7%-ға өсіп, $222,6 млн-ға жетті. Сыртқы нарықта қазақстандық АӨК өніміне сұраныс тұрақты сақталуда. Экспорттық жеткізілімнің 80%-дан астамы топ-10 импорттаушы елдің есебінен қалыптастырылады. Бұл ретте Орталық Азия, Қытай және Ресей елі, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Еуропа мемлекеті негізгі нарық болып қала береді.

- Біздің міндетіміз – дәстүрлі нарықтағы позицияны нығайтып қана қоймай, жаңа перспективаны белгілеу есебінен экспорт аумағын дәйекті түрде кеңейту, — деп атап өтті сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Ол үшін сыртқы сауда-логистикалық инфрақұрылым құрылып, экспортты қолдау құралы кеңейтілуде. Қазақстандық өнімді ілгерілету үшін БАӘ, Моңғолия мен Индонезияны қосқанда, бірқатар елмен ЕАЭО-ның еркін сауда туралы келісімі есебінен қосымша жағдай жасалған. Экспортты қаржылық және институционалдық қолдау Экспорттық-кредиттік агенттік және «QazTrade» АҚ арқылы жүзеге асырылады.

Жыл басынан бері АӨК өнімін экспорттаушыларға шамамен 119 млрд теңге қолдау көрсетілді. Экспорттық акселерация бағдарламалары мен сауда-экономикалық миссиялар жүзеге асырылып, олардың қорытындысы бойынша экспорттық келісімшарттар жасалады. Отырыста ішкі нарықты мұнай өнімімен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Мұнай өңдеу саласын дамытудың 2025–2040 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленген. Ол мұнай өңдеу көлемін 2025-2032 жылдары жылына 18 млн тоннадан 30 млн тоннаға, 2040 жылға қарай 40 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді.

Жиынды қорытындылай келе, Вице-премьер Энергетика министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, отынның жаңа түрі мен стратегиялық маңызды өнім өндіру үшін көмір химиясын дамыту әлеуетін егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне фермерлердің қарсы міндеттемелеріне баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеу тапсырылды.

Қазақстан Үкімет азық-түлік баға инфляция дәнді дақыл