Қазақстанда резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруге бағытталған инвестициялық жобалар қарқынды дамып келеді. Бұл сала өңдеуші өнеркәсіпті дамытуда және қосылған құны жоғары жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруда маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылуда, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру бойынша жеті жоба іске қосылды. «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясының деректеріне сәйкес, жобаларға салынған инвестиция көлемі 14,6 млрд теңгені құрады, нәтижесінде 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, полимерлі үлдір (пленка), вакуумдық және тағамдық қаптамалар, тамшылатып суару ленталары, фитингтер және ПВХ-дан жасалған қаптама құбырлар өндірісі жолға қойылды.
Бұдан бөлек, қазіргі уақытта іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде жалпы инвестиция көлемі 46,9 млрд теңгеден асатын 19 жоба бар. Олардың қатарында геомембрана мен геосинтетика, кеңсеге арналған пластикалық тауарлар, терезе жабындары, құбырлар мен шлангтар, пластикалық ыдыс-аяқ және өзге де өнімдер өндірісі бар. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 900-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады, оның ішінде 250-ге жуығы ауылдық жерлердегі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жұмсақ қаптама, ББПП-пленкасы, ПЭТ-преформа, европоддон, қоқыс жәшіктері және өзге де тауарлар өндірісіне бағытталған тағы 13 жоба пысықтау кезеңінде тұр. Жоспарланған инвестициялардың жалпы көлемі 265,2 млрд теңгені құрайды, аталған жобалар аясында 1,7 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Осылайша, Қазақстанда резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінің өсуі полимер өнеркәсібіндегі жоғары технологиялы бағыттардың дамуына серпін беріп, қаптама саласына арналған жартылай фабрикаттар шығаруды арттыруға, құрылыс материалдарының отандық базасын нығайтуға және құрамдас бөлшектер импортына тәуелділікті азайтуға ықпал етеді.
Жалпы, саладағы ағымдағы 39 және алдағы уақыттардағы жобалар бойынша шамамен 2,8 мың жаңа жұмыс орнын ашылып, 362,7 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр.