Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың шақыруымен Ресейге ресми сапармен барды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Кездесу барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары көпжылдық достық, өзара құрмет пен түсіністік дәстүрлеріне негізделген қазақ-ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Осы жылы 12 қарашада өтетін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Мемлекет басшыларымыз арасындағы сенімді байланыстар екіжақты қатынастардың дамуында шешуші рөл атқарады. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалог барлық ынтымақтастық бағыттарының серпінін айқындап, бірлескен бастамалардың дәйекті ілгерілеуін қамтамасыз етеді», – деп мәлімдеді Е.Көшербаев.
Өз кезегінде С.Лавров стратегиялық серіктестік пен тату көршілік қағидаттарына негізделген саяси диалогтың сабақтастығын растай отырып, екі ел көшбасшылары арасындағы ерекше қатынастары қазақ-ресей ынтымақтастығының барлық кешеніне серпін беретінін атап өтті.
Тараптар өңіраралық және шекара маңы байланыстарын нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, өнеркәсіп, энергетика, көлік пен логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды. Бұл бағыттар тұрақты өндірістік байланыстарды қалыптастыруға және азық-түлік пен энергетикалық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретіні аталып өтті.
«Ресей Қазақстан үшін жетекші сауда және инвестициялық серіктес болып қала береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 28 млрд АҚШ долларынан асып, жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. Екіжақты сауданы 30 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде биік міндет қойылды. Өткен жылы Ресей Қазақстан экономикасына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, ең ірі инвестор атанды», – деді Қазақстан СІМ басшысы.
Осы тұрғыда тараптар Қазақстан-Ресей үкіметаралық ынтымақтастық комиссиясының, салалық қосалқы комиссиялардың және өңіраралық ынтымақтастық форумының екіжақты байланыстарды дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
Қазақ-ресей қатынастарында дәстүрлі түрде ерекше орын алатын мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселесі кездесудің жеке тақырыбы ретінде қаралды. Ресейде Қазақстанның және оның өңірлерінің мәдениет күндерін, ал Қазақстанда Ресей өңірлерінің мәдениет күндерін өткізу, сондай-ақ Астанада «Қазақстан мен Ресейдің мәңгі достық аллеясын», Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашу халықтар арасындағы тату көршілікті нығайтуға деген ортақ ұмтылысты айқын көрсетеді.
Сонымен қатар тараптар ТМД, ЕАЭО және ҰҚШҰ шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастық тетіктерін жетілдіру және өңірлік қауіпсіздік архитектурасын нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Министрлер қол жеткізілген уағдаластықтар мен келіссөздер қорытындылары Қазақстан мен Ресей арасындағы сенімді диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдіріп, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толған күні кездесудің ерекше символдық мәнге ие екенін атап өтті.
Соңында тараптар Еуразия өңірінде бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайту бағытын жалғастыру ниеттерін растады.