Қазіргі уақытта елде мемлекеттік орман қоры аумағын қашықтықтан зондтау технологиялары белсенді түрде қолданылып келеді, бұл орманды заңсыз кесу жағдайларының қысқаруына мүмкіндік берді (2010 ж. – 664 жағдай, 2015 ж. – 522 жағдай, 2020 ж. – 386 жағдай, 2025 ж. – 197 жағдай), деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Сонымен қатар, елде ормандарды заңсыз кесуді түбегейлі жою және ағаш материалдарын көлеңкелі айналымнан шығару мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ағаш материалдарын электрондық таңбалау бойынша халықаралық тәжірибені зерттеді, ол, атап айтқанда, беларус әріптестерге ағаштың көлеңкелі айналымын толықтай жоюға мүмкіндік берген.
Зерттеу қорытындылары бойынша «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, елдегі ағаш материалдарының айналымын таңбалау және қадағалау жөніндегі ұлттық жүйені әзірлеу басталды.
2025 жылғы 29 желтоқсанда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында іске асырылған пилоттық жобаның нәтижелері талқыланды. Қатысушылар ағаш материалдарының қадағалануын қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін, оларды одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, сондай-ақ реттеушілік әсерді талдауды жүргізудің негізгі аспектілерін қарастырып, пилоттық жүйені ауқымдау және ағашты таңбалауды бүкіл ел аумағында кезең-кезеңімен енгізуді ұсынды.
Осылайша, аталған жүйені мемлекеттік орман қорының бүкіл аумағында енгізу ағаштың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасауда, ашықтықты арттыруда және орман ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуде маңызды қадам.