Қазақстанда кең ауқымдағы автожол стратегиясы әзірленуде, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
ҚР көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның көлік-транзиттік дәліздерді одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлары туралы айтты. Оның айтуынша, өткізу пункттерінде тасымалдаушыларға ыңғайлы болу үшін транзиттік жүктерді кедендік ресімдеуде «жасыл» дәліз енгізу жоспарлануда, бұл рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осы жұмыс аясында барлық өткізу пункттері жаңғыртудан өтуде.
- Автожолдарды салу бойынша бағыттарды анықтауға келетін болсақ, бүгінде біз транзиттік тасымалдардың айтарлықтай өскенін байқаймыз. Жыл сайын орта есеппен 30-35%-ға артып отыр. Осы қарқынды үздіксіз жалғастыру мақсатында 2030, 2035 және 2040 жылдарға дейін кезең-кезеңімен есептелген кең ауқымдағы автожол стратегиясын әзірлеудеміз. Қазір бірінші кезекте дамыту қажет ең перспективалы көлік-транзиттік бағдарларды анықтау үшін жұмыстар жүргізілуде. Біздің транзиттік мүмкіндіктерімізді жүзеге асыратын көлік қаңқасы қалыптастырылмақ. Жұмыс халықаралық консультанттың қатысуымен жүргізілуде. Толық бекітілген соң құжат көпшілік назарына ұсынылады, — деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.
Оның айтуынша, қолданыстағы автожолдар транзиттік тасымалдардың қажеттіліктерін толығымен жаба алады, алайда бұл жұмыстар келешекте қажет болып қалатыны ескеріліп жүргізілуде. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойында автожол салу жоспарлануда. Қазір оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Сондай-ақ өткізу қабілетін арттыра түсу үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін кеңейту көзделген. Жоба көршілес мемлекеттермен олардың аумағындағы «тар тұстарды» болдырмау үшін үйлестіре жүзеге асырылады. Барлық жұмыс бірыңғай стратегиялық тәсіл шеңберінде жүргізілмек.