Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған мерекелік шаралар шеңберінде Торғай даласында ұлттық ат спортының көрнекті жарыстары және аламан айтыс өтті. Қазақ халқы үшін жылқы – еркіндіктің, өрліктің, азат рухтың айнасы. Сондықтан да ұлы тойды ат спортынан бастауы заңды құбылыс екені анық
Ұлы дала жорығы
Міржақып мерейтойына орай аудан орталығындағы атшабарда өткен көкпар бәсекесі көрермендерді бірден баурап алды. Көкпар – тек спорт емес, батылдық пен ептілікті сынайтын, жігіттік пен бірлікті дәріптейтін ұлттық мұра. Іріктеу ойындарынан кейін палуандар аударыспақ сайысында үш салмақ дәрежесі бойынша күш сынасып, қазақ күресінің айбынды рухын паш етті.
Ұлы аламан бәйге болса, нағыз төзімділіктің, шыдам мен жүйріктіктің сынға түсер алаңы болды. 70 шақырымдық қашықтық Ақшығанақ ауылынан басталып, мәреге жеткен жүйріктерді халық үлкен қошеметпен қарсы алды. Бұл бәйгеге еліміздің әр аймағынан келген тұлпарлар қосылып, ұлттық спорттың қаншалықты кең қолдау тапқанын көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, демеушілер үш автокөлік, 38 сәйгүлік және 31 миллион теңге қаражат бөліп, ұлттық мұраны қолдауға зор үлес қосты. Бұл ел азаматтарының рухани-мәдени құндылықтарға деген шынайы жанашырлығының көрінісі. Жалпы 200-ге жуық жүйрік қатысқан бәйгеде жүлде қоры да ауқымды болды. Ұлы аламанда 1-8 орын, аламан бәйгеде 1-6 орын, құнан бәйгеде 1-4 орын, ал «Алтын тай» жарысында 1-5 орынға дейін жеңімпаздар марапатталды.
Сонымен қатар мерекелік шара аясында халықаралық «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесі бастау алды. Бұл додаға Қазақстаннан бөлек, Ресей мен Қырғызстанның шабандоздары қатысуда. Марафонның басты ерекшелігі – 500 шақырымдық қашықтықты бағындыру. Бұл ұлы сапардың бастауында Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл бастаманың ұлттық спорт қана емес, халықаралық туризм мен мәдени ықпалдастыққа жол ашатынын атап өтті.
«Бәйге десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. «Ұлы дала жорығы» рухымызды асқақтататын іс-шараға айналды. Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай осындай ауқымды іс-шараның өтуі ұлт спортын ұлықтаудың, тарихқа тағзым, тұлғаға құрмет көрсетудің іс жүзіндегі көрінісі. Шабандоздарға сәттілік тілейміз. Мерейтойымыз құтты болсын!» – деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде:
«Қостанай тұқымын сақтап қалу үшін арнайы заң қабылданды. Бүгінгі бәйгеде сол тұқымның жүйріктері де сынға түсіп отыр. Бұл жарыстар – ұлттық спорттың ғана емес, ұлттық мақтаныштың да көрінісі», – деді.
Осылайша, 18 команда 500 шақырымдық сапарға аттанып, 25 қыркүйекте мәреге жетпек. Бұл дода – шабандоздардың төзімділігі мен бірлігін көрсететін тарихи шараға айналмақ.
Ұлт ұраны жырланды
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай Торғай төрінде республикалық айтыс та өтті. Бұл аламан – қазақ халқының сөз өнерін, суырыпсалмалық дәстүрін, ұлттық рухын дәріптеген үлкен мәдени оқиға болды.
Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 14 ақын қатысты. Атап айтар болса, айтысқа қатысқан ақындардың ішінде Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Аспанбек Шұғатаев, Қанат Мырзахан, Жанарыс Тілеубек, Мейіржан Жақып, Нұрлан Есенқұлов, Марат Ахметов, Серікбол Панабердиев, Бекзат Асқаров, Батырлан Сағынтаев және Тоба Өтепбаев болды. Жыр бәйгесін белгілі айтыскер Аманжол Әлтаев жүргізсе, қазылар алқасын Жүрсін Ерман басқарды. Олар азаттық, рух, ұлттық болмыс тақырыптарын терең қозғап, Міржақып Дулатұлының мұрасын жырға қосты. Әрбір айтыскер туған жердің қадір-қасиетін, халықтың арман-тілегін, елдік пен бірлікті айшықтап жеткізді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде – Мұхтар Ниязовқа беріліп, ол автокөлікпен марапатталды. Бірінші орынды Бекарыс Шойбеков иеленіп, автокөлікке қол жеткізді. Екінші орынға Мейірбек Сұлтанхан мен Әсем Ережеқызы (әрқайсысына 2 млн теңгеден), үшінші орынға Аспанбек Шұғатаев пен Нұрлан Есенқұлов (әрқайсысына 1 млн теңгеден) ие болды. Өзге қатысушылар да құр қол қалмай, 500 мың теңгеден жүлде алды.
Бұл айтыстың жүлде қоры да ерекше болды, бір автокөлікті Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев, екіншісін облыс әкімдігі тарту етті. Жергілікті жұртшылық өздерінің ардақты ақыны – Тоба Өтепбаевқа ат мінгізіп, халық айрықша құрмет көрсетті.
Айтыс алаңы – қазақтың рухани мінбері. Бұл жолғы жыр додасы мерейтойдың мәнін тереңдетіп, Міржақып Дулатұлының асқақ бейнесін жыр тілімен жаңғыртты. Бұл мерейтой бір жағынан тарихқа тағзым болса, екінші жағынан қазіргі тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңғыруының белгісі болды. Халықтың бірлігі, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі және Міржақып Дулатұлының мұрасына көрсетілген құрмет – жас ұрпаққа бағытталған үлкен өнеге.
Міржақып Дулатұлы армандаған азаттық пен өрлеу идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен болашағынан айқын көрініс табуда. Оның еңбегі мен мұрасы – сарқылмас рухани қазына, ал мерейтойлық шаралар – ұлт рухын асқақтататын тарихи міндет.