Қытай өркендеуге «қулықпен» жеткен жоқ: Янис Варуфакистің батыл пайымы
Батыс елдері Бежіңнің экономикалық жетістіктерін «әділетсіз бәсеке» деп айыптауға көшті. Алайда, танымал экономист Янис Варуфакис бұл мәселеге басқа қырынан қарауды ұсынады. Оның пайымдауынша, Қытайдың табысы — арзан жұмыс күші немесе мемлекеттік демеу емес, жаңа дәуірдің экономикалық тетігін — «бұлттық капиталды» (Cloud Capital - alashorda.kz) ерте игеруінде жатыр https://www.project-syndicate.org/commentary/china-did-not-cheat-its-way-to-prosperity-by-yanis-varoufakis-2026-04.
Батыстың «субсидия» туралы аңызы
Соңғы уақытта Уашингтон мен Брюссельден «Қытай өз өндірісін шамадан тыс субсидиялау арқылы әлемдік нарықты демпингке ұшыратты» деген шағымдар жиі естіледі. Атап айтқанда, электромобильдер, күн панельдері және литий-ионды батареялар нарығындағы Қытайдың үстемдігі Батыс өндірушілеріне үлкен қауіп төндіріп отыр.
Бірақ Варуфакис бұл уәждердің қисынсыздығын деректермен дәлелдейді. Оның айтуынша, егер Қытай шынымен де экспортқа ғана иек артып, ішкі тұтынуды тежеп отырған «меркантилистік» ел болса, оның төлем балансының профициті орасан зор болуы керек еді. Алайда, соңғы онжылдықта Қытайдың қолданыс шотындағы профициті орта есеппен ІЖӨ-нің 1,65%-ын ғана құраса, «ережемен ойнайды» дейтін еуроаймақта бұл көрсеткіш 2,24%-ға жеткен. Демек, Еуропаның өзі экспортқа Қытайдан бетер тәуелді деуіміз керек.
«Технофеодализм» және жаңа капитал
Біз сөз етіп отырған мақаланың негізгі идеясы — әлемдік экономиканың трансформациясы. Варуфакистің пікірінше, біз дәстүрлі капитализмнен «технофеодализмге» өттік. Бұл жүйеде байлықты зауыт-фабрикалар емес, «бұлттық капитал» (алгоритмдер, деректер базасы және платформалар) анықтайды.
Қытайдың басты жеңісі — осы бұлттық капиталды мемлекеттік бақылауға алып, оны ұлттық стратегияның ажырамас бөлігіне айналдыруында. АҚШ-та бұл капитал Big Tech алпауыттарының (Amazon, Google, Meta) қолында шоғырланып, мемлекетке бағынбайтын деңгейге жетсе, Еуропада мұндай капитал мүлдем жоқ деуге болады.
Неліктен Қытай электромобиль нарығында көшбасшы?
Батыс елдері Қытайдың электромобильдерін «мемлекеттік көмектің арқасы» деп айыптағанымен, Варуфакис мұның астарында 15 жылдық жүйелі инвестиция жатқанын алға тартады. 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін Батыс елдері «қатаң үнемдеу» (austerity) саясатына көшіп, жаңа технологиялар мен инфрақұрылымға бөлінетін қаржыны шұнтита кесіп тастады. Ал Бежің бұл уақытта өз жинақтарының 50%-ын болашақтың технологияларына бағыттады.
«Қытайлықтар алдағы онжылдықтарда әлем неге мұқтаж болатынын алдын ала болжай алды. Олар аккумулятор технологиялары мен жасыл энергияға ставка жасады және ол ставка өзін ақтады», — деп түйіндейді автор.
Еуропаның қателігі: Протекционизм — тығырыққа тірейтін жол
Еуропалық Одақтың қытайлық электромобильдерге жоғары тарифтер енгізу туралы шешімін Варуфакис «өзін-өзі алдау» деп атайды. Оның ойынша, Батыс бәсекеге қабілетсіздігін мойындаудың орнына, жасанды кедергілер арқылы уақыт ұтпақшы. Бірақ бұл қадам тек климаттық мақсаттарға жетуді баяулатып, Батыс тұтынушыларының қалтасына салмақ салады. Басқа ештеңе емес.
Қытайды «ойын ережесін бұзды» деп айыптау — фактілерді бұрмалау. Шын мәнінде, Қытай Батыс ойлап тапқан капитализм ойынын ойнап қана қоймай, оны келесі деңгейге — цифрлық және жасыл технологиялар деңгейіне өткізе алды.
Сөз түйіні
Янис Варуфакистің бұл материалы Батыс элитасының үстіне құйып жіберген суық су іспетті. Егер АҚШ пен Еуропа Қытаймен терезесі тең бәсекелес болғысы келсе, оларға протекционизм емес, жаңа индустриялық стратегия мен мемлекеттік деңгейдегі ауқымды инвестициялар қажет. Қытай «қулықпен» емес, ертеңгі күнді бүгіннен жоспарлау арқылы ұтып отыр.