Қытай “жасанды интеллект қармағына” қалай түсті

Бүгін, 10:58 / Alashorda
Сурет ашық дереккөздерден алынды

Қытай “жасанды интеллект қармағына” қалай түсті: Бежіңнің амбициясы нені аңғартады?

Соңғы айларда Қытайда жасанды интеллектіге (AI) қатысты ерекше құбылыс байқалды. OpenClaw деп аталатын жаңа AI-агент қысқа уақыт ішінде қоғамның барлық қабатын қамтып, нағыз цифрлық «бумға» айналды. Қарапайым қолданушылар бұл жүйені «лобстер» (омар) деп атап, оны «өсіріп», өз қажеттіліктеріне бейімдеуге кірісті https://www.bbc.com/news/articles/cy41n17e23go.

«Лобстер» феномені: қарапайым халықтың құралы

IT-инженер Ван сияқты мыңдаған қытайлықтар OpenClaw-ды күнделікті жұмысында қолдана бастады. Оның айтуынша, бұрын күніне 10 шақты тауарды ғана өңдесе, енді жасанды интеллект бірнеше минут ішінде жүздеген тапсырысты орындай алады.

Бұл құрал тек өнім сипаттамасын жазып қана қоймай, бағаны салыстырып, нарықтағы бәсекелестерді талдай алады. Яғни, бір адамның жұмысын толықтай автоматтандыруға жақын десек артық айтпаймыз. OpenClaw-дың басты артықшылығы — оның ашық кодқа негізделуі, өйткені бұл Қытай үшін аса маңызды, себебі батыстық платформалар ел ішінде шектеулі немесе мүлде қолжетімсіздік жағдайында алға басушылық болып табылады.

Мемлекет пен технология: бір бағыт

Қытай билігі жасанды интеллектіні ұлттық стратегияның негізгі бағытына айналдырды. «AI Plus» саясаты аясында барлық салаға — өндірістен бастап медицинаға дейін — AI енгізу көзделіп отыр. Жергілікті билік те бұл бағытты қолдап отыр. Мысалы, кейбір аймақтар кәсіпкерлерге OpenClaw негізіндегі жобалар үшін миллиондаған юань көлемінде субсидия ұсынады. Сарапшылардың айтуынша, Қытайда мемлекет бағыт көрсетсе, бизнес соған тез бейімделеді. Бұл — елдің технологиялық серпінінің басты ерекшелігі.

«Жүз модель соғысы» және қатал бәсеке

2023 жылдан бері Қытайда 100-ден астам AI-модель пайда болды. Алайда олардың тек шамамен 10-ы ғана нарықта сақталып қалды. Бұл — жоғары бәсекенің белгісі болып саналады. OpenClaw осы бәсекеде ерекше орынға ие болды. Тіпті кейбір халықаралық сарапшылар оны «келесі буын ChatGPT» деп бағалай бастады.

Қауіп пен күмән: кері реакция

Дегенмен, алғашқы эйфория ұзаққа созылмады. Қолданушылар жүйені пайдалану үшін қосымша шығындарға (токендерге) тап болды. Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелері де алаңдаушылық тудырды.

Қытайдың киберқауіпсіздік органдары OpenClaw-ды дұрыс пайдаланбау үлкен тәуекелге әкелуі мүмкін екенін ескертті. Соның салдарынан кейбір мемлекеттік мекемелер бұл құралды қолдануға тыйым сала бастады.

Жастар, жұмыссыздық және AI

Жасанды интеллект Қытайдағы тағы бір маңызды мәселені — жастар арасындағы жұмыссыздықты (16%-дан жоғары) шешудің құралы ретінде қарастырылып отыр. «Бір адамдық компаниялар» ұғымы кең таралуда. Яғни, бір ғана адам AI көмегімен толыққанды бизнес жүргізе алады. Бұл әсіресе еңбек нарығында қиындық көріп жүрген жастар үшін мүмкіндік болып табылады.

 Мүмкіндік пе, әлде тәуелділік пе?

OpenClaw мысалы Қытайдың жасанды интеллектке деген амбициясын айқын көрсетеді. Ел технологиялық тәуелсіздікке ұмтылып, ашық код пен мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланып отыр. Алайда бұл үрдіс екіжақты: бір жағынан — инновация мен тиімділік, екінші жағынан — қауіпсіздік, бақылау және адам еңбегінің құнсыздануы.

Қытай қоғамында қазір мына бір пікір кең тараған:

«Егер сен 2026 жылы AI қолданбасаң, сен бәрінен тысқары қалып қойдың». Әрине ешкімнің де тысқары қалғасы келмейді.