Ресейдің мақсаты – бейбіт тұрғындарды барынша көп қыру – украиналық шолушы

Бүгін, 20:00 / Alashorda
Фото: facebook.com/portnikov

Украиналық саяси шолушы Виталий Портников ютуб-арнаға берген сұхбатында Петерборға жасалып жатқан дрондар шабуылына қатысты пікір білдірді. Сол сұхбатында ол Ресейдің бейбіт тұрғындарға қасақана шабуылдап жатқанына мысал келтіріп, дәлелдеп көрді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

«Украина президенті Владимир Зеленский 9 мамырдағы әскери шеру күні украиналық дрондардың Мәскеуге соққы беру мүмкіндігі туралы айтқанда, әзілдеген жоқ. Сондай-ақ, Путин америкалық әріптесі Дональд Трамптан қолдау сұрағанда, мұндай соққының жасалуы мүмкін екенін жақсы түсінді. Сондықтан Путинге бұл бітім өте қажет болды. Оның үстіне, ол оған тіпті алаяқтық жолмен қол жеткізуге де дайын еді, өйткені осы бітімнің негізгі шарты болған «1000-ға 1000» форматындағы тұтқын алмасу әлі күнге дейін толық жүзеге асқан жоқ», – дейді ол.

Оның сөзінше, бұл – Путиннің тағы бір алдауы. Ол Трампты алдап соқты. Естеріңізде болса, Трамп бұл тұтқын алмасудан үлкен үміт күтіп, әзірге тоқырап тұрған бейбіт келіссөздерге қозғау салатындай үлкен жетістік ретінде айтқан еді. Бірақ әлі күнге дейін дәл осындай көлемдегі алмасу болмаған.

Бүгінде Ресей Қарулы күштерінің Киевке, басқа да украиналық қалаларға жүйелі түрде жасаған шабуылдары жалғасып жатыр. Бұған жауап ретінде Украина Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніне және мұнай өңдеу нысандарына соққы беріп келеді. Сарапшының ойынша, Украинаның басқа амалы жоқ. Оның сөзінше, қазір Ресей үшін маңызды мақсаттардың бірі – Украина қалаларын қирандыға айналдыру. Олар әдейі тұрғын үй аудандарын нысанаға алып отыр.

Ал оған қарсы Украина тарапынан жасалып жатқан шабуылдарды Ресейді қару өндіру мүмкіндігінен айыру шарасы деп бағалайды. Себебі, оның пікірінше, барлық соққы Ресейдің мұнай өңдеу саласына және әскери-өнеркәсіптік кешеніне жасалып жатыр. Бұл соққылар ресейліктерді қаржылай ресурстардан айыруға бағытталған. Сайып келгенде, Ресейді өзін мемлекет ретінде көрсетіп жүрген террористік ұйым деп бағалап, сол лаңкестік ұйымның мүмкіндіктерін жоюға тырысып жатқандарын айтады.

«Иә, егер мұндай ұйым өз қалаларының бірінде форум өткізсе, онда сол форумға қатысушылар осы террористік ұйым экономикасының әлеуетін жоюға болатынына көз жеткізеді. Онда тұрған ештеңе жоқ», – дейді ол.

Оның сөзінше, Ресей барынша бейбіт тұрғындардың көп қыруға мүдделі. Оған нақты дәлел ретінде мына жайтты келтіреді.

«Бұл сөзіміздің нақты дәлелі бар, оны Ресей Қарулы күштерінің Бас штабы ешқндай дәйекпен түсіндіріп бере алмайды. Мәселен, соңғы шабуыл кезінде «Циркон» зымырандары жаппай қолданылды. Бұл теңізде қолдануға арналған зымырандар құрлықта пайдаланылған жағдайда нақты нысандарды дәл көздеп жоя алмайды. Меніңше, олар тек кең аумақты, кездейсоқ таңдалған үлкен аудандарды ғана зақымдай алады. Ендеше, әскери зауыт, шешім қабылдау орталығы немесе электр станциясын дәл көздеп атуға «Цирконның» мүмкіндігі жоқ. Ол тұрғын үй алаптарына түседі. Сондықтан «Циркон» зымырандарын қолдану туралы сөз болғанда, бұл – мүмкіндігінше көп бейбіт тұрғынды қасақана өлтіруге бағытталған әрекет деп қарауымыз керек», – дейді сарапшы.

Айта кетейік, Санкт-Петербург қаласы дәстүрлі халықаралық экономикалық форум басталар алдында дрондар шабуылына ұшыраған еді. Маусымның 2-сінен 3-іне қараған түні Санкт-Петербург пен Ленинград облысына украиналық дрондар шабуылдады. Облыс губернаторы Александр Дрозденко Ленинград облысының аумағында 59 ұшқышсыз ұшу аппаратының (БПЛА) атып түсірілгенін хабарлады. Оның ішінде ең елеулі жағдай – Санкт-Петербург мұнай терминалы болып отыр.

Ресей Украина дрон шабуыл циркон бейбіт тұрғын Санкт-Петербург