Ресейдің Сібірдегі Омбы облысында жанармай құю бекеттерінде бензин мен дизель отынын сатуға уақытша шектеулер енгізілді. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс губернаторы Виталий Хоценконың әлеуметтік желідегі парақшасында жазуына қарағанда, жаңа тәртіпке сәйкес, жүргізушілер енді жанармайды тек көліктің багына құя алады, ал қосымша қор ретінде канистрлерге құюға тыйым салынды. Бір рет құю кезінде 40 литрден артық бензин немесе 80 литрден артық дизель отынын алуға болмайды.
Ал күре жол бойындағы жанармай құю бекеттерінде бір ретте 200 литрге дейін дизель отынын құюға рұқсат берілген.
Виталий Хоценко бұл шешімнің «жанармай бекеттеріндегі жасанды дүрлігудің және алыпсатарлықтың алдын алу» мақсатында қабылданғанын мәлімдеді. Бұған дейін осындай шектеулер Саратов облысында да енгізілген болатын.
Айта кетерлігі, аталған екі облыста да мұнай өңдеу зауыттары бар. Саратов мұнай өңдеу зауытына украиналық дрондар бірнеше рет шабуыл жасаған. Ал Украина бақылауындағы аумақтан шамамен 2,5 мың шақырым қашықтықта орналасқан Омбы мұнай өңдеу зауыты әзірге шабуылға ұшыраған жоқ. Маусым айының бірінші жартысында Омбы облысында бір рет қана «дрон қаупі» режимі жарияланған.