Республика күні Қостанайда жаңа спорт нысандары ашылып, ірі жобалардың құрылысы басталды

Бүгін, 19:37 / Alashorda

Республика күні Қостанайда Мемлекеттік Туға арналған флагшток салтанатты түрде ашылып, көпфункционалды стадион пайдалануға берілді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Сонымен қатар Жекпе-жек сарайы мен Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды. Бұл жобалар өңірдің спорттық инфрақұрылымын дамытуға, бұқаралық спортты қолдауға және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін спортпен айналысуға кең мүмкіндік жасауға бағытталған.

Қостанайдағы мерекелік күн Жастар сарайы алдындағы алаңда Мемлекеттік Туды салтанатты түрде көтеру рәсімімен басталды. Биіктігі 45 метр болатын флагштокқа өлшемі 5×10 метрлік көк Ту орнатылды. Қала көркін толықтырған жаңа нысан Республика күнінің мән-маңызын айшықтай түсті.

Мереке күні Триатлон паркінде көпфункционалды стадион да ел игілігіне берілді. Аумағы 2,9 гектарды құрайтын спорт кешенінде жасанды жабынды футбол алаңы, 1 000 орындық екі трибуна, ұзындығы 400 метр жүгіру жолақтары, сондай-ақ баскетбол мен волейбол алаңдары бар. Жаңа стадион қала тұрғындары мен спортшыларға жаттығуға, жарыстар өткізуге және бос уақытын белсенді өткізуге мүмкіндік береді.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. 2023 жылдан бері Қостанай облысында 40-тан астам спорт нысаны салынды. Біз тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасап, спортшылардың дайындалып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік беру үшін бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді Құмар Ақсақалов.

Қостанайда футболмен 11 мыңнан астам адам айналысады. Жаңа стадион әуесқой командалардың жаттығулары мен жарыстарын өткізуге арналған орынға айналып қана қоймай, жеңіл атлеттер мен жүгіруді ұнататын қала тұрғындарына да қолайлы жағдай жасайды.

Өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамытуда инклюзивті бағытқа да ерекше мән беріліп отыр. Республика күні қарсаңында Қостанайда болашақ Инклюзивті спорт орталығының іргетасына алғашқы тас қаланды. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жергілікті бюджет есебінен орталық аумағы абаттандырылып, көгалдандырылады, инженерлік желілер тартылады, кіреберіс және жаяу жүргіншілер жолдары салынып, автотұрақ жасалады.

Жалпы ауданы 2 517 шаршы метр болатын орталық 1,4 гектар аумақта орналасады. Нысан 100 орынға есептелген. Мұнда сурдофутзал, отырып ойнайтын волейбол, сурдобадминтон, парапауэрлифтинг, арбадағы би және үстел теннисі бойынша жаттығуға мүмкіндік туады. Орталықтың құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Іргетас қалау рәсіміне арбада би билеуден Қазақстанның спорт шебері Аруна Жаксагулова мен 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Александр Колядин қатысты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қостанайда Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталады. Осындай маңызды оқиғаға қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Жаңа орталық спортшылардың өз әлеуетін ашуына, жаттығуға және жарыстарға қатысуына тың мүмкіндіктер береді деп сенемін», – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаева.

Қостанай облысында 30 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 12,7 мыңында дене шынықтырумен және спортпен айналысуға медициналық қарсы көрсетілімдер жоқ. Жаңа орталық осы азаматтардың спортқа араласуына, қабілеттерін шыңдап, жаңа жетістіктерге ұмтылуына жағдай жасамақ.

Қалада жекпе-жек спорт түрлеріне арналған жаңа кешеннің құрылысы да басталды. Үш қабатты Жекпе-жек сарайының жалпы ауданы 5,6 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда заманауи жаттығу залдары, үш күрес кілемі орналасатын жарыс залы және көркем гимнастика залы болады. Кешен бір ауысымда 100-ден астам спортшыны қабылдай алады. Сонымен қатар мұнда республикалық және халықаралық жарыстар өткізіліп, ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады.

Соңғы жылдары Қостанай облысында спорт нысандарының қатары тұрақты түрде толығып келеді. 2023 жылдан бері өңірде 40-тан астам спорт нысаны салынды. Олардың қатарында 19 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі мен бассейн бар.

Қазір өңірде үстел теннисі орталығының, Тобыл қаласындағы Спорт сарайының, жабық хоккей кортының және Арқалық қаласында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.

Жаңа нысандардың салынуы тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға, бұқаралық спортты дамытуға және өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.