«Шаңырақ күні»: «Көңілді старт-2026» отбасылық эстафетасы өтті

Бүгін, 18:56 / Alashorda

 Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы 17 наурыз күні «Көңілді старт» отбасылық эстафетасын ұйымдастырды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.


Берекелі шаңырақ иелері бас қосқан байқауға 40-қа жуық елоралық  жас отбасы қатысты. Олар екі кезеңнен тұратын сайыста бақ сынап, финалда 15 үздік топ бәсекеге түсті. Спорт додасының алғашқы кезеңінде классикалық үлгідегі эстафеталық сынақтар әзірленсе, екінші кезеңде ұлттық ойындар ойынатылды.


Сайыс ережесіне сәйкес, жарысқа 35 жасқа дейінгі жұптар ғана қабылданды және команда құрамы екі адамнан (ерлі-зайыпты) жасақталды.

Жарыс қорытындысы бойынша, І орынды – Габи Ахназаров пен Топбасы Ұлжалғас, ІІ орынды – Виктор Григорьев пен Анастасия Григорьева, ІІІ орын – Сырым Муханбетжанов пен Анара Муханбетжанова иеленді. Ал 12 қатысушы Алғыс хатқа иегері атанды.

Эстафета жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды: I орынға – 200 000 теңге, ІІ орынға – 150 000 теңге, ІІІ орынға – 100 000 теңге және шапшаңдық танытқан отбасыға 20 000 теңгеден сыйақы берілді. 

Сондай-ақ эстафета қатысушыларын қолдауға келген жанкүйерлерге арнайы номинациялар табысталды. 

Айта кетейік, шараның қадірлі қонағы ретінде Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Ибраев Самат, Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұржан Садырбаев, «Әкелер одағы» РҚБ Астана қаласы филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай, «Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Мадина Бектұрғанова қатысты. 
Сонымен қатар жиында «Di Medical» медициналық орталығы» ЖШС директоры Клара Өмірзақова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Білім жоғары мектебінің директоры Сомжүрек Баубек, журналист Әселім Әбілдинова мен «Еуразиялық банк» АҚ  филиалының атқарушы директоры Асия Кулдыбаева төбе көрсетті.

– Бүгінгі эстафета – тек спорттық жарыс емес, достық пен бірліктің алаңы. Әсіресе жас отбасылардың ынтымағын нығайтатын маңызды шара деп санаймын. Өздеріңізге мәлім, Астана қаласы әкімдігі қала жастарын қолдауға жүйелі көңіл бөліп келеді. Мәдени шаралар, спорттық сайыстар, әлеуметтік жобалар үнемі назарда. 
Бүгінгі сайыс сол маңызды бағыттардың жалғасы екені анық. Оның үстіне эстафетаның Наурызнама онкүндігінің «Шаңырақ күніне» тұспа-тұс келуі елеулі сәт екенін айта кету керекпіз. Бәріңізді келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын, – деді Самат Сабырұлы.