«Шəкен менiң жақын, жақсы көретiн досым едi». Қонаев режиссердің қазасына қалай қайғырды

23 қыркүйек, 2025 / Alashorda
Коллаж

Жазушы-публицист, кинотанушы Камал Смайылов Шәкен Аймановтың қазасында Дінмұхамед Қонаевтың қалай қайғырғанын жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

***

Димекең бізге «Жаркент чекистерiнiң атаман Дутовты қалай жойғаны» жайлы тарихи оқиға айтқан едi. Осы туралы бір фильм түсіру керек деп ойланып жүрдік. Сол кезде«Правда» газетiнде «Расстреляйте меня на рассвете» деген бұрынғы Жаркент заставасының бастығы Суворовтың үлкен мақаласы шықты. Онда сол Дутовтың ставкасына кiрiп, оны қалай жоқ қылғандары баяндалады. Сол мақала бойынша Москваның режиссер-кинодраматургы Андрей Кончаловский жақсы сценарий жазып шықты. Сол бойынша Шəкен Айманов фильм қойды. «Атаманның ақыры». Фильм өте сəттi шықты. Студия оны ыстық ықыласпен қабылдады. Бiрақ, Шәкеннің Димекеңе көрсетпей (тақырыпты айтқан сол кiсi едi ғой), Димекеңнiң қалай қабылдағанын көрмей (ол кiсiге ұнайтынын iштей бiлiп жүр ғой) көңiлi тыншитын емес. Сол кезде Димекең Мəскеуде бiр жиында болатын. Содан Шəкен фильмiн алып, Мəскеуге ұшты. Фильмді көргенде Димекең қатты разы болып, Шəкендi құттықтап: «Ендi Абайды да осындай етiп қойып шық» деп тiлек бiлдiрген. Ертеңiне Уругвайға делегация басқарып ұшарда Димекеңдi Шəкен шығарып салған. Сонда Димекең: «Не əкелейiн Шəке?» дегенде, ол «Өзiңiз бiлесiз, мен зажигалка жинаймын ғой» дептi.

...23 желтоқсан. Түнгi сағат екiнiң кезiнде Мəскеуден үйге телефон соқты. «Шəкеннен айрылып қалдық». Түн iшiнде жиналып, Ғабит Мүсiрепов, Серке Қожамқұлов бастаған бiр топ адам Кəукеннiң үйiне барып естiрттiк. Ертеңiне Кəукен, Асанəлi, Мұрат (Шəкеннiң ұлы) төртеумiз Мəскеуге ұштық. Қазақстан өкiлдiгiне келдiк. Кеше ғана Уругвайдан оралған Димекең отыр екен. Бiздi қабылдады, көңiл айтты. Қиналып отыр.

– Шəкен өнерiмiздiң, мəдениетiмiздiң үлкен қайраткерi ғана емес, менiң жақын, жақсы көретiн досым едi. Өкiнiштi, күйiнiштi. Ана соңғы фильмi қандай жақсы шыққан. Ендi Абайды қойсам деп жүрген. Ол өткенде маған «Уругвайдан зажигалка əкелiңiз» деп едi. Мiне, кiмге берем оны? (зажигалканы бiзге ұсынды). Мен Алматыға телефон соқтым. Денесiн опера театрынан шығарыңдар дедiм. Дұрыстап шығарып салайық, – дедi ауыр күрсiнiп...

Камал Смайылов Шәкен Айманов Дінмұхамед Қонаев