Электр энергиясының шекті тарифтері қайта қаралуы мүмкін. Энергетика министрлігі бұйрығының жобасына сәйкес, 1 шілдеден бастап елдегі энергия өндіруші 60 кәсіпорын үшін жаңа тарифтер күшіне енгелі отыр, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, тарифтерді жаңарту энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және электр энергиясын өндіретін нысандарды кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған. Құжатта энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтеріне өзгерістер енгізу қарастырылған.
Бұл жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге, өндірістік жабдықтардың сенімділігін арттыруға және жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыруға қаражат табу үшін қажет болып отыр екен.
Жаңа тарифтерді 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізу көзделген. Қазір бұйрық жобасы қоғамдық талқылауға шығарылған, талқы ай соңына дейін жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде коммуналдық қызметтер тарифтеріне қатысты мораторийдің аяқталуына байланысты маусым айынан бастап бағаның өсуі мүмкін екені хабарланған болатын. Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, тарифтерді өзгерту жөніндегі өтініштерді қарастыру белгілі бір уақытты талап етеді.
Сондай-ақ, комитет ұйымдастырған дөңгелек үстелде саладағы инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 50 пайыздан асқаны айтылды. Мамандардың пікірінше, егер инвестициялар мен негізгі капиталға салынатын қаржы көлемі артпаса, бұл көрсеткіш жыл сайын тағы 2-3 пайызға ұлғая береді. Осыған байланысты саланың шығындарын өтеу және инфрақұрылымды жаңарту үшін тарифтерді қайта қарау қажеттілігі туындап отыр.