Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Теміртау қаласының әкімі болып Сапар Сатаев тағайындалды. Жаңа басшыны Теміртау қаласының активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырып, қала басшысының алдына қойылған негізгі міндеттерді айқындап берді.
— Сапар Сатаевтың мемлекеттік басқару жүйесінде тәжірибесі мол. Ол әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін жақсы біледі әрі қажетті кәсіби біліктілікке ие. Сонымен қатар Балқаш қаласындағы қызметі барысында ірі өнеркәсіп кәсіпорындарымен тиімді әріптестік орната білді. Бұл тәжірибе Теміртауда да қала құраушы металлургиялық кәсіпорынмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін береді деп сенемін. Оның басшылығымен жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, жолдарды жөндеу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігі едәуір артып, көрсетілетін қызметтердің сапасы жақсарды. Сапар Қайыркенұлы, сіздің басты міндетіңіз — теміртаулықтардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру, сондай-ақ қаланың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, — деді облыс әкімі.
Сапар Сатаев еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында бастаған. Әр жылдары «Ботақара су қожалығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны директорының орынбасары және директордың міндетін атқарушы қызметтерін атқарған.
Мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінің әкімі болды.
2013–2015 жылдары Абай қаласының әкімі қызметін атқарды. Кейін Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Одан соң Приозерск қаласының әкімі болды.
2023 жылдың мамыр айынан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Балқаш қаласының әкімі қызметін атқарды.
Өз кезегінде Сапар Сатаев бүгінде Теміртаудың тыныс-тіршілігін жақсы білетінін, қандай мәселелер ерекше назар аударуды қажет ететінін және тұрғындардың қандай шешімдерді күтіп отырғанын атап өтті.
— Теміртау қашанда адал еңбек, жауапкершілік пен нақты нәтижені бағалайтын қала. Менің жұмысым да дәл осы қағидаттарға негізделетін болады, — деп атап өтті Сапар Сатаев.