2026 жылғы 1 шілдеден бастап Еуроодақта барлық сәлемдемелерге салық салынады. Ең арзан сәлемдеменің өзі үшін 3 еуро төлеу қажет болады. Бұл жаңашылдық, ең алдымен, Temu және PinDuoDuo сияқты қытайлық маркетплейстерге қатысты.
Еуропарламент арзан сәлемдемелерге тұрақты мөлшерлеме енгізу туралы шешім қабылдады. Әсіресе қытайлық маркетплейстерден жасалатын тапсырыстар назарда. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап әрбір осындай сәлемдеме үшін 3 еуро көлемінде тіркелген салық төленеді. Бұған дейін 150 еуродан арзан сәлемдемелер бажсыз әкелінетін. Бұл жағдай, қытайлық платформалардағы баға демпингімен бірге, әділ бәсекеге кедергі келтіріп келген.
ЕО-ның сауда жөніндегі комиссары Марош Шефчович:
«Электрондық коммерцияның қарқынды дамуы жағдайында әлем тез өзгеріп жатыр, сондықтан заман талабына сай құралдар қажет. Сол себепті ЕО аумағына әкелінетін ұсақ сәлемдемелерге қатысты кедендік баж туралы шешім қазіргі электрондық коммерция дәуірінде шекараларымызда адал бәсекені қамтамасыз ету үшін аса маңызды», — деп мәлімдеді.
Арзан сәлемдемелерге салынатын бұл тіркелген салық — уақытша шара. Ол Еуропарламент бажсыз әкелуді толықтай жою тетігін әзірлеп, іске асырғанға дейін қолданыста болады.
Қазіргі таңда Қазақстанда 200 еуродан арзан сәлемдемелерге бажсыз әкелу тәртібі бар. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап осы сомадан қымбат сәлемдемелерге құнының 5%-ы мөлшерінде салық енгізіледі. Сонымен қатар, «Қазпошта» деректеріне сәйкес, сәлемдемелердің 90%-ы 200 еуродан аспайды. Бұл дегеніміз — сәлемдемелердің басым бөлігіне салық салынбайды, ал мемлекеттік бюджет тиісті түсімдерден қағылуы мүмкін. Бұл мәселені шешудің бір жолы — ЕО-дағыдай бажсыз әкелу шегін алып тастау.
Айта кетейік, 2025 жылдың басында Қазақстан қытайлық маркетплейстерді, оның ішінде Temu-ді, ел аумағында тіркеуден өтуге міндеттеді. Бұл платформа енді Қазақстанда салық төлеуден жалтара алмайды деген сөз. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің мәліметінше, шетелдік маркетплейстер бажсыз әкелу «саңылауын» пайдаланып, ҚҚС пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарған.