Торғай жұрты толқып тұр (ВИДЕО)

4 қыркүйек, 2025 / Alashorda

Бүгін Жангелдин ауданының орталығы Торғай ауылының Мәдениет үйінде 50-ге жуық торғайлық азаматтар «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің тоқтатылуына байланысты бас қосты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің құрылысы басталатынын мәлімдеген болатын.

- Осы тұста тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба қолға алынатыны туралы жариялағым келеді. Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президентің айтуынша, бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.

Президенттің тапсырмасынан кейін Үкімет 14 маусым күні «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталғанын хабарлады. Салтанатты шараға ҚР көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысқан болатын. Сәтжан Аблалиев бұл жобаның еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңірлер арасындағы байланысты арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. Ал Құмар Ақсақалов болса, сапалы логистикалық желі облыстың оңтүстік өңірлерінде шағын және орта бизнесті дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторларының бірі болатынын ескертті.

Құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде – Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Құрылыс «Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз» бағыты бойынша жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы 865 шақырымды құрайды. Аталған жаңа жол дәлізі еліміздің орталық бөлігін батыс өңірлермен тікелей байланыстырмақ. Сонымен қатар ол Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) шығуға мүмкіндік береді. Жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады.

Жиында торғайлық азаматтар «Орталық-Батыс» көлік дәлізін Ұлытау облысы арқылы емес, Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы жүргізуді талап етті. Себебі халық аталған жолдың Торғай халқы үшін өте маңызды екенін, сол себепті олар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасын Үкімет орындауы керек екенін тілге тиек етті.