Таяу Шығыстағы бітімгершілік: Трамп үшін күш жинау ма, Теһеран үшін жеңіс пе?
Дональд Трамптың Теһеранға бағытталған «жойқын» сес көрсетуі нәтиже бергендей болды: АҚШ пен Иран екі апталық уақытша бітімге келісті. Алайда, қос тарап бұл оқиғаны өз жеңісі деп жариялағанымен, сарапшылардың пікірі екіұдай. Бұл — ұзақ жылдарға созылған текетірестің шешімі ме, әлде кезекті дауыл алдындағы тыныштық па https://www.bbc.com/russian/articles/c04xg2g31ypo?
Тактикалық шегініс және мұнай нарығы
Нью-Йорк Таймс (NYT) басылымының жазуынша, бұл келісім — Трамп үшін үлкен саяси тығырықтан шығудың жолы болып табылады. Президент бір жағынан «өркениетті жойып жіберем» деген уәдесін орындап, соғысты өршітуі керек еді, екінші жағынан өз беделін еш жоғалтпай кейін шегінуге тиіс болатын. Бітімнің ең басты нәтижесі — Ормуз бұғазының қайта ашылуы болып саналады. Бұл саяси әрекет әлемдік энергетикалық дағдарыстың алдын алып, мұнай бағасын 100 доллардан төмен түсірді.
Иранның стратегиялық ұпайы
Сарапшы Ричард Фонтейннің айтуынша, Иран ұсынған «10 принцип» жоспары Теһеранның соғысқа дейінгі барлық армандарының жиынтығы іспеттес. Трамп Иранның Пәкістан арқылы ұсынған 10 тармақты жоспарын «келіссөздердің жұмыс негізі» деп атады. Алайда Уашингтондағы «Жаңа Америка қауіпсіздік орталығының» атқарушы директоры Ричард Фонтейн бұл жоспарды сынға алды. Оның мазмұны мынаны қамтиды:
Иранның уран байыту құқығын жаһандық деңгейде мойындату
Аймақтан барлық америка әскерилерін шығару
Экономикалық санкцияларды алып тастау
Соғыс зиянын өтеу үшін репарация төлеу
Бұл — соғысқа дейінгі Теһеранның арман еткен қағидалары. Бар айырмашылығы, оны енді АҚШ президенті «жұмыс негізі» деп қабылдады.
Ядролық бағдарлама шешілмей қалды
«Кез келген саяси ахуалға баға берерде бір негізгі фактіні ескеру керек: Иранның байытылған уранын ешкім алып кетпеді» — дейді Таяу Шығыс сарапшысы Деннис Ситринович.
Салыстыру үшін: 2015 жылғы Обама келісімі бойынша Иран ядролық қорының 97 пайызынан айырылды. Ал Трамптың күн сайын миллиард долларға түсетін соғысы сол нәтижеге жете ала ма — бұл үлкен сауал.Егер келіссөздер осы арнада жалғасса, бұл Теһеран үшін нағыз стратегиялық жеңіс болмақ. Себебі, Иранның ядролық әлеуеті мен зымырандық арсеналы әлі де өз күшінде қалып отыр.
Израиль және «Хезболла» факторы
Ресми Уашингтон мен Теһеран арасындағы келісімге қарамастан, Израиль (ЦАХАЛ) Ливанның оңтүстігіндегі операцияларын тоқтатар емес. Тель-Авив үшін Иран режимін әлсірету — стратегиялық мақсат, ал Литани өзеніне дейінгі аумақты бақылауда ұстау — қауіпсіздік кепілі болып есептелінеді. Бұл жағдай уақытша бітімнің өміршеңдігіне күмән келтіреді.
Трамптың ішкі саясаттағы жағдайы
АҚШ-тың ішінде Трамптың саяси базасы екіге жарылды. Тіпті оның адал жақтастары — сенатор Рон Джонсон мен конгрессмен Натаниэль Моран — «өркениетті жою» туралы риториканы айыптап, бұл америкалық құндылықтарға жат екенін мәлімдеді. Алда келе жатқан қарашадағы аралық сайлау қарсаңында бензин бағасы мен соғыс қаупі Трамптың рейтингіне айтарлықтай соққы болуы мүмкін.
Сөз түйіні:
Екі апталық уақытша тоқтау — бұл әлі бейбітшілік емес. Сарапшы Деннис Ситринович атап өткендей, Иран 60 пайыздық байытылған уранын әлі де өз қолында ұстап отыр. Егер Трамп екі апта ішінде Обама кезіндегідей (2015 жылғы келісім) нақты нәтижеге қол жеткізе алмаса, бұл соғыс АҚШ үшін тек шығын мен беделден айырылу болып қала бермек. Ситриновичтің бағалауы бойынша, егер Иран «он принципке» негізделген кепілдіктер алса — бұл Теһеран үшін нағыз стратегиялық жеңіс. Трамптың «барлық мақсатқа жеттік» деген мәлімдемесіне тек оның ең адал жақтастары ғана сенуі мүмкін. Ал олардың саны азайып барады.
Екі апталық келіссөздер кезеңі не береді десек, басы ашық нәрсе ол онжылдықтар бойы шешілмеген мәселелерді шеше алмады. Оптимизмге негіз аз десе де болады.