Түрік суретшілері қазақ әріптестерімен бірлескен көрмелер ұйымдастыруға ниетті

Бүгін, 20:20 / Alashorda

Астанада Түркияның белгілі миниатюра суретшілері, ерлі-зайыпты Танер Алакуш пен Ясемин Акйолдың «IZLEK» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстандағы Түркия Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған көрмеде суретшілердің әр жылдары жасаған 41 туындысы ұсынылды.

5 қараша күні OzgeEpic шығармашылық кеңістігінде өткен көрменің ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, Қазақстанның белгілі суретшілері, дизайнерлер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, түрік іскерлік қауымдастығының өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен өнерсүйер қауым қатысты.

Көрменің басты мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, дәстүрлі өнердің заманауи мүмкіндіктерін таныстыру, екі ел суретшілерінің шығармашылық ықпалдастығын дамыту.

Танер Алакуш – Түркияның белгілі миниатюра суретшісі, академик, Ыстанбұлдағы «Taner Alakuş Minyatür Atölyesi» шеберханасының негізін қалаушы. Миниатюра өнерімен айналысқан 43 жылда 400-ге жуық туындыны дүниеге әкелген. Оның еңбектері Түркиямен қатар Франция, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей және басқа елдерде көрмеге қойылған.

Ясемин Акйол – дәстүрлі түрік миниатюра өнерін заманауи бейнелеу тәсілдерімен ұштастырып жүрген суретші әрі дизайнер. 2014 жылдан бері миниатюра өнерінен сабақ беріп, жас суретшілердің кәсіби дамуына үлес қосып келеді.

Көрмеге әкелінген 41 туындының арасында тарихи оқиғаларға арналған шығармалар, сәулет ескерткіштерінің бейнелері, заманауи көркемдік ізденістер мен екі суретшінің бірлескен жұмыстары бар. Олардың кейбірі тұпнұсқа нұсқасынан бірнеше есе үлкейтіліп қайта салынған. Танер Алакуштың айтуынша, түрік мәдениетіндегі «41 kere maşallah» деген игі тілекке байланысты бұл санның да символдық мәні бар.

“Миниатюрада суретші көргенін айнытпай салуға міндетті емес. Ол бейнені өз қалауынша өзгертіп, көркемдей алады. Мәселен, бір ғимараттың іші мен сыртын қатар көрсетуге болады. Яғни кеңістікті бір ғана қырынан емес, жан-жақты бейнелейміз. Бұл – миниатюраның өзіне тән ерекшелігі, – дейді Танер Алакуш.

Түрік миниатюрасында түстерге де ерекше мән беріледі. Әсіресе көгілдір, қою көк және алтын түстер кеңінен қолданылады. Суретшілердің шығармаларынан да осы реңктерді жиі кездестіруге болады.

«Миниатюра – кітап өнерінен бастау алған, өзіндік ерекшелігі бар өнер. Оны сол заманның фотоаппараты деуге болады. Өйткені миниатюралар арқылы сол кезеңдегі маңызды оқиғалар бейнеленген. Түрік асханасының өзіне тән дәмдеуіштері болатыны сияқты, миниатюра өнерінің де ерекше тәсілдері бар», – деді Танер Алакуш.

Экспозициядағы ерекше туындылардың бірі – ерлі-зайыпты суретшілердің «Yan Yana» («Бірге») атты бірлескен жұмысы. Көлемі небәрі 15×15 сантиметр болатын шығармада анар бейнесі арқылы Ыстанбұлдың тарихи ғимараттары, күмбездері мен мұнаралары бейнеленген. Оны жасауға екі ай уақыт кеткен.

«Туындының оң жақ бөлігін – мен, сол жағын Ясемин салды. Мен дәстүрлі миниатюра тәсілін қолдансам, жұбайым анар бейнесі арқылы өз қолтаңбасын көрсетті. «Yan Yana» атауы да екеуіміздің қатар, бірге екенімізді білдіреді», – деді Т.Алакуш.

Танер Алакуштың тағы бір шығармасы Осман империясы мен Жапония арасындағы тарихи оқиғаға арналған. Онда Ыстанбұлдың көне келбеті, теңіз жағалауындағы ғимараттар мен желкенді кемелер бейнеленген.

Туындыға II Абдулхамид сұлтан билік құрған кезеңдегі «Ертұғұрыл» фрегатының тағдыры арқау болған. Жапония өкілдерінің Осман империясына сапарынан кейін түрік тарапы да осы елге делегация жіберген. Ыстанбұлдан аттанған кеме Жапонияға аман жеткенімен, елге қайтар жолда дауылға ұшырап, суға батқан.

“Сол апатта 527 теңізшіміз қаза тапты. Суреттегі ақ желкенді кемеге назар аударсаңыз, оның желкеніне қаза болған теңізшілердің есімдері осман жазуымен түсірілген. Әрқайсысының атын жеке жазып шықтым, – дейді қылқалам иесі.

Көлемі небәрі 20×20 сантиметр болатын суретті салуға үш-төрт ай уақыт кеткен.

Сондай-ақ өнер иесі алдағы уақытта қазақстандық суретшілермен бірлескен көрмелер ұйымдастыруға және шығармашылық тәжірибе алмасуға ниетін білдірді. Келесі сапарында жас түрік суретшілерінің туындыларын да таныстырғысы келетінін айтты.

Ал Ясемин Акйолдың шығармашылығында анар жемісінің бейнесі ерекше орын алады. Суретші оны 2012 жылдан бері туындыларына арқау етіп келеді. Түрік мәдениетінде анар береке мен ұрпақ жалғастығының нышаны саналады.

Ясемин Акйол көрмеде қазақ және түрік халықтарының мәдени жақындығына ерекше тоқталды. Оның сөзінше, Қазақстанға келгенде қазақтың дәстүрлі кілемдеріндегі ою-өрнектер мен түс үйлесімдерінің түрік өнеріне ұқсастығын байқаған.

«Қазақстанға келгенде кілемдерді көрдім. Ою-өрнектері де, түстері де бізге таныс. Уақыт өзгергенімен, халықтың болмысын айқындайтын құндылықтар сақталып қалады. Біз заманға сай өзгереміз, бірақ тамырымыз бен ең басты сүйіспеншілігіміз өзгермейді», – деді шебер.

Ол өнердің халықтар арасындағы қарым-қатынаста ерекше рөл атқаратынын да атап өтті.

«Менің ойымша, өнер – әмбебап тіл. Біз қазақ тілін жақсы білмесек те, өнер арқылы бір-бірімізді түсіне аламыз. Екі еліміздің жүрек соғысы бір, өткен тарихымыз ортақ. Бұл бізді ерекше қуантады», – деді суретші.

Миниатюра өнеріне 30 жасында ден қойған Я.Акйол дәстүрлі бейнелеу тәсілдерін заманауи көркемдік шешімдермен үйлестіріп келеді. Оның «Savaşçı» («Жауынгер») атты туындысында батыл әрі қайсар әйел бейнесі көрініс тапқан.

«Мен әйел жауынгерді бейнелегім келді. Өйткені түрік әйелдері де батыл, қайсар келеді. Өзім де жаңа нәрсені байқап көруден, тәуекелге барудан қорықпаймын. Сондықтан бұл суретте өз мінезімнің де бір қырын көрсеттім», – деді түрік өнерінің өкілі.

Суретші дәстүрлі өнерге жаңашылдық енгізу үшін оның тарихы мен көркемдік негіздерін терең меңгерудің маңыздылығына назар аударды. Оның пікірінше, ұлттық өнердің өзіндік болмысын сақтай отырып дамыту – суретшінің басты жауапкершіліктерінің бірі.

Көрмені тамашалаған қазақстандық суретші, «Қазақ елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұлов түрік әріптестерінің шығармашылығына жоғары баға беріп, мұндай мәдени кездесулер екі елдің қылқалам шеберлерінің байланысын нығайтуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

“Түркі халықтарының ынтымақтастығы мұндай шаралардан бұрын да қалыптасқан. Әсіресе суретшілер арасындағы байланыс жоғары деңгейде. Мен өзім де Түркияда көрмелер өткіздім. Бүгін түрік әріптестерімізбен кездесіп, олардың еңбектерін көргеніме қатты қуанып тұрмын. Шығармалары кәсіби деңгейде орындалған. Оларды көріп, өзім де шабыт алдым”, – деді Сембіғали Смағұлов.

«IZLEK» көрмесі Астанада 30 қарашаға дейін жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтары түрік миниатюра өнерінің дәстүрлі және заманауи үлгілерін OzgeEpic шығармашылық кеңістігінде тамашалай алады.