Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин азық-түлік бағасының өсіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Вице-премьердің айтуынша, елде ең жиі тұтынылатын азық-түліктің 29 түрі бар.
— Жалпы, азық-түлік себетінде тауардың 160 түрі қамтылған. Қазір негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кірмейтін өнімдердің бағасы өсіп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өсіп жатқан жоқ. Осы айдың екі аптасында 0,1 пайыз ғана өсті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өспейді деп ойлаймын. Өйткені оны бақылап отырмыз. Онда сауда үстемесін бақылауға мүмкіндік, барынша қатаң шектеу бар, — деді Серік Жұманғарин.
Ол қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кірмейтін өнімдердің бағасы өсіп жатқанын атап өтті.
— Қазір әлеуметтік маңыз бар азық-түлік тауарлары тізіміне кірмейтін қызанақ, қияр, еттің әртүрінің бағасы өсіп жатыр. Сол сияқты кең қолданыста болмаса да қарақұмық бағасы да қатты өсіп жатыр. Тауар ретінде айтарлықтай қымбаттап отыр. Сондықтан бұл мәселені қалайша жасауға бола ма, жоқ па — соны зерттеп жатырмыз. Қажет пе, қажет емес пе? Уақытша ма, тұрақты ма? Осы мәселемен қазір Сауда және интеграция министрлігі айналысып жатыр, — деді Серік Жұманғарин.