Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жөніндегі тапсырмаларын, оның ішінде елге қайтарылған активтер есебінен жүзеге асыруды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Осы мақсатта Арнаулы мемлекеттік қордан Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов және Соколов топтық су құбырларын реконструкциялауды аяқтауға 2,7 млрд теңге бөлінді.
Преснов топтық су құбырын реконструкциялау жалпы саны 34,5 мың адам тұратын Есіл, Мамлют және Жамбыл аудандарындағы 43 елді мекенді сумен жабдықтауды жақсартуға мүмкіндік береді.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, бүгінде 171 шақырым магистральдық су құбыры мен тарату желілері, сондай-ақ 46 шақырым ауылішілік су желілері тартылды. Суды жинақтауға, таратуға және қажетті су қысымын қамтамасыз етуге арналған қысым реттегіш құрылыстарын салу және жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Соколов топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстары Қызылжар ауданындағы жалпы саны 4 мыңнан астам адам тұратын 10 ауылды қамтиды. Жоба аясында 59 шақырым тарату желісі мен 77 шақырым ауылішілік су желісі салынады.
Фото: Үкімет
Преснов және Соколов су құбырларын пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Нәтижесінде жүйенің сенімділігі артып, су тасымалдау кезіндегі шығындар қысқарып, жоба қамтыған елді мекендердің тұрғындарына ауыз суды жеткізу сапасы жақсарады.
Солтүстік Қазақстан облысында еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары желісі орналасқан. Оның ұзындығы 3 мың шақырымнан асады және ол жалпы саны 175 мың адам тұратын 229 ауылды сумен қамтамасыз етеді.
2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қордан аталған инфрақұрылымды дамытуға 45 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл 48 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді.
Айта кетейік,2024 жылдан 2026 жылға дейінгі аралықта Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен Үкімет жалпы сомасы 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады.Олардың басым бөлігі пайдалануға берілген.
Оның ішінде жалпы сомасы 226,5 млрд теңге болатын 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.