Көші-қон заңнамасы мен иммигранттардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктерінің осалдығы масылдық пиғыл туғызып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалып жатыр. Алайда әртүрлі төлемдердің көптігі мен бірізді жүйенің болмауы және тиімді бақылаудың жоқтығы шығындардың негізсіз өсуіне ықпал етті. Бұл бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына және кей жағдайларда жымқырылуына алып келді. Атқарылған жұмыстың арқасында, соңғы екі жылда шамамен 288 млрд теңгенің тиімсіз игерілуіне тосқауыл қойылды. Сіздің «Turkistan» газетіне берген сұхбатыңызда және Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтылғандай, бүкіл сала реформалауды қажет етеді, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр осы орайда келесі шаралар қабылданып жатқанын айтты:
— әлеуметтік көмек түрлерін біріктіру және бірізді жүйеге келтіру процесі жүргізіліп жатыр;
— білім беру қызметтері цифрландырылып жатыр. Бұл нысандарды салудан бастап жан басына сәйкес қаржыландыруға дейін барлық кезеңді қамтиды;
— әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау арқылы қайта қаралады.
— Айта кету керек, көші-қон заңнамасы мен иммигранттардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктерінің осалдығы да масылдық пиғыл туғызып отыр. Биылдан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары іріктеліп, жұмыс күші тапшы өңірлерге баратын азаматтарға ғана беріле бастады. Мемлекеттік саясаттың жаңа тәсілдері бюджеті 18 трлн теңгені құрайтын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Үкімет «шынайы мұқтаж адамдарға ғана көмек» қағидатын қатаң ұстанады, — деді Олжас Бектенов.
https://kaz.inform.kz/news/ukmet-shinayi-muktazh-adamdarga-gana-komek-kagidatin-katan-ustanadi-premer-ministr-f20698/