Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар көз жұмды

Бүгін, 10:36 / Alashorda
Фото: facebook.com/Inga Imanbay

Екі жыл өмір үшін күрескен Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Ербаян Мұхтар қайтыс болды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл ақпаратты оның туыстары мен Денсаулық сақтау министрлігі растады. Ербаянның қайтыс болғаны туралы отбасы өкілі Инга Иманбай мәлімдеді. Оның айтуынша, Ербаянның ата-анасына ауруханадан хабарласып, жүрегінің тоқтап қалғанын жеткізген. 

«Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік. Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз. Қош бол, батыр Ербаян. Сенің күресің босқа кеткен жоқ. Сенің атың Қазақстандағы әрбір сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігі туралы сөз болғанда міндетті түрде еске алынатын болады», – деп жазды Инга Иманбай. 

Айта кетейік, ол 2023 жылы Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүргенде желтоқсан айында өте ауыр бас-ми жарақатын алып, содан кейін комаға түскен. Оны емдету үшін ата-анасы Стамбұлға апарды. Оған көмек көрсету мақсатында қазақстандықтар 224 миллион теңге жинаған болатын. 2025 жылдың қараша айында ол Түркиядағы емдеу кезеңін аяқтап, Астанаға оралған еді.

Ербаян Мұхтар Ұлттық ұлан