ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен 12-18 мамыр аралығында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Қостанай облысында болып, өңір тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың дінтанулық сауаттылығын арттыру, дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамда жалған діни идеологиялардың таралуына жол бермеу және діни экстремизмнің алдын алу.
Апта көлемінде облыстың бірнеше аудан-қаласында жалпы саны 20-ға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 500-ден астам адам қатысты. Кездесулер барысында тұрғындарға зайырлылық қағидаттары, діни экстремизм мен терроризмнің қауіп-қатері, деструктивті діни ағымдардың белгілері, медиагигиена мәселелері және діни-құқықтық сауаттылық тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына республикалық деңгейдегі мамандар қатысты. Атап айтқанда, Қостанай облыстық «Діни проблемаларды зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Асет Нұғыманов, дінтанушысы, PhD доктор Толғанай Мустафина, Ақмола облысы дін істері басқармасына қарасты «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы» КММ-нің теолог маманы Сәкен Жақанов, профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Даурен Тойматаев және өзге де сарапшылар өңір жұртшылығымен пікір алмасты.
Кездесулерге жергілікті тұрғындармен қатар мектеп оқушылары, спортшылар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен жұмыссыз жастар қатысты. Мамандар қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, жастарды күмәнді ақпарат көздерінен қорғау және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу бағытында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.