Астана қаласының Мемлекеттік архиві тарих ғылымдарының докторы, профессор, этнограф, үздік өлкетанушы ғалым Жамбыл Артықбаевтың жеке қорын ресми түрде қабылдады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған шараға филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыпов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсынхан Закенұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ел тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дүйсен Жахияұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан–Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, Астана халықаралық университетінің Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, тарихшы Саят Ыбырай және елорданың студенттері қатысты.
Астана қаласының Мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бимолдин Астананың ортасы қайнаған тарих, жинақталған архив екенін еске салды.
«Бүгін архивке тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың қорын қабылдап жатырмыз. Осы уақытқа дейін 115 жеке қор иесі Астана қаласының архивіне құжаттарын тапсырды. Олардың ішінде жазушы, филолог, зерттеуші, дәрігер секілді қалаға, қала берді республикаға еңбегі сіңген азаматтар бар. Мәселен, Сәкен Сейфуллин, Әлмұхан Сембинов секілді түрлі тұлғалардың жеке қоры сақталған. Жамбыл Омарұлы соңғы жылдары Қараөткел тарихына ойысып, көлемді еңбек жазды. Жуырда автордың «Қараөткел құпиялары» деген басылымын шығардық. Қазіргі таңда ол сұранысқа ие болып отыр. Жақында бір депутат: «Сіздердің шығарған кітаптарыңыз өте мазмұнды екен», – деп өз ойын айтты. Оның ішінде «Қараөткел құпиялары» атты кітаптың шоқтығы биік екенін атап өткен жөн», – деді ол.
«Қараөткел құпиялары» деген кітапты шығардық
Жамбыл Артықбаев өз еңбектерін мұрағатқа тапсыруды әдетке айналдырғанын айтады.
«Былтыр он шақты жыл бойы жазған «Қараөткел құпиялары» деген кітапты шығардық. Расында, бұл еңбек сұранысқа ие болып отыр. Кеше ғана маған бір азамат хабарласып: «Қараөткел құпиялары» деген кітапты беріңізші», – дейді. Мен оған: «Жангелдіден сұрап ал. Менде де ол кітап жоқ», – деп айттым. Сол кезде Жәкең кейбір еңбектерімді жеке қорға тапсыру туралы айтып еді. Жалпы, адам бұл өмірге қонақ. Бұл жиналған дүниенің бәрін арқалап алып кету мүмкін емес. Сондықтан мен реті келгенде жинаған кітаптарымды, қағаздарымды тапсырып отырамын. Қарағандыдан көшкенде Қарағандыға тапсырдым, Керекуден көшкенде сол жерге тапсырдым. Астанаға келіп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келгеннен кейін Тұрсын ағамыздың ұсынысымен «Отырар» кітапханасына қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты мыңға жуық кітап, журнал, құжаттарды тапсырдым. Оның ішінде құнды құжаттар да бар. Бұдан бөлек «Отырар» кітапханасына әр заманда жиналған этнографиялық 25 немесе 27 араб, парсы тіліндегі қолжазбаны тапсырдым.
Қазіргі таңда өзімнің бұған дейін жинаған архивімді реттеп жатырмын. Жангелді бауырым: «Жеке қорыңыздағы құжаттарды тапсырсаңыз», – деп өтініш айтқан соң бүгінгі кездесу өтіп жатыр. Шынын айтсам, қағаздарымды жинап үлгермей жатырмын. Екіншіден, мен әлі де ғылыммен айналысып жүрген адаммын. Мәселен, бір қағазды бергім келеді де, бірақ кейін қимай қаламын. «Менде әлі де тұра берсінші. Кейін жазатын дүниеме керек болып қалар», – деп айнып қаламын. Қазір «Қазақ шежіресі» деген 10 томдық цикл дайындап жатырмын. Осы қыста 5 томын дайындадым, әлі 5 томы бар. Соған керек болып қалады-ау деп ойлаймын. Сол себепті әлі де біраз қағаздарды тапсыра алмай тұрмын. Бірақ алда 10 томдық кітапты шығарып алғаннан кейін оларды архивке өткіземін», – дейді тарихшы.
«Бізде мемлекеттік басқару институттары болған»
Сондай-ақ ол Астана қаласының Мемлекеттік архивіне студент кезінен бері жинаған деректер мен көшірмелерді өткізіп отырғанын тілге тиек етті.
«Студент кезімізде конспект жазу деген тәртіп болушы еді. Қазір студенттер өзіне қажетті деректерді тез арада телефоннан тауып алады. Мәселен, біздің кезімізде Радлов секілді әйгілі ғалымның кітабын көрсеңіз, оның ең негізгі деректерін көшіріп жазып алатынсың. Сонымен қатар ол кезде сирек кездесетін кітаптарды оқу үшін Мәскеу, Алматыға баруың керек немесе ол жақтан сұратып алуың керек еді. Ал сұратып алудың өз машақаты бар. Кейде сұратып алған кітаптар микропленкалармен келетін. Мәселен, Николай Аристовтың 1897 жылы шыққан «Заметки об этническом составе тюркских племён и народностей и сведения об их численности» деген кітабы микропленкамен келді. Осы жолы архивке оны да тапсырып отырмын. Бұл да бір қызық дүние. Бұл біздің 80-жылдары ғылыммен қалай айналысқанымызды көрсетеді. Қазіргі күні қандай да бір деректі тауып алып, көшіре салу – 1 минуттың шаруасы ғой. Ол заманда деректерді іздеу өте қиын еді. Ксерокс деген мүлде жоқ, «Эра» деген үлкен машиналармен қағаздарды шығаратын едік. Бірақ ол бір қағазды дұрыс, енді бір қағазды қисық етіп, ала-құла шығара беретін. Студент кезден бастап жинаған біраз құжаттарды өткізіп отырмын. Алдағы уақытта өзге де құжаттарымды осы архивке тапсырамын.
60 жылдықты атап өткен кезде шәкірттерім кітаптарымды санағанда 150-ге жуық еңбек шыққан еді. Қазіргі кезде жылына 2–3 кітаптан қосып қоямын. Қазір еңбектерімнің жалпы саны 170 кітап болуы керек. Қолымдағы мына кітап – «Әкем Омар және оның заманы туралы». Бұл еңбек НКВД-ның архив деректері мен естеліктер негізінде жазылған. Ал «Қазақ мемлекеттілігінің басқару институттарының тарихы» атты еңбекті былтыр шығардым. Мәселен, кейде «Қазақта мемлекет болмаған, тайпалық, рулық деңгейдегі халық» деген әңгіме айтылады. Өкінішке қарай, бізде мемлекеттік басқару жүйесі жүйелі түрде зерттелмеген. Сондықтан біз бір мемлекеттік құжат қабылдағанда үнемі шетелдік нұсқаларға сүйенеміз. Ал шын мәнінде бізде мемлекеттік басқару институттары болған. Мәселен, аталық, төлеңгіт дегеніміз – мемлекеттік қызметшілер емес пе? Бұл еңбек мемлекеттік басқару академиясының өтініші бойынша жарыққа шықты. Менің ойымша, бұл кітап біздің жастарға өте қажет.
Маңғыстауға байланысты мына кітап жақында шықты, тіпті сиясы да кепкен жоқ. Маңғыстау деген ғажап жер екен. Аяқ бассаң, ескерткіш көп. Солардың ішінде таңдап отырып, Шақпақ ата, Қаңға баба, Темір баба, Бәйті, Мейрамсопы, Оғыз дәуірі, Бозащы деген секілді барлығы 14 этюд жаздым», – дейді ол.
«Қазақ тарихының қайнар көзі – қазақ шежіресі болуы керек»
Тарихшы болашақта «Қазақ жер-су аттары» деген атаумен 10 томдық кітап шығарғысы келетінін жеткізді. Өйткені ол бұған дейін Ертіс бойы, Түркістан, Ұлытау, Маңғыстау секілді бірнеше аймақ бойынша еңбек жазғанын тілге тиек етті.
Бұдан бөлек архивке «Қазақ шежіресі» деген кітапты өткізіп отырмын. Бұл кітап 2012 жылы Ақселеу Сейдімбектің мерейтойына байланысты қазақ және орыс тілінде шықты. Негізі қазақ шежіресін ауызша дәстүр деген ұғымға кіргіземіз. Қазақ тарихының қайнар көзі қазақ шежіресі болуы керек. Қазақ шежіресі деген не және оны тарихи зерттеулерге қалай пайдалануға болады? Біз әлі күнге дейін тарихымызды көбінесе қытай, орыс, грек деректеріне сүйеніп жазып жүрміз. Өкінішке қарай, өзіміздің дерек қорларымыз дұрыс зерттелмеген.
Мысалы, ертеде архив секілді құнды жәдігерлерді сақтайтын мекемелер болмады. Ауызша деректерді фольклордан жинап, тәпсірлеп отыруымыз керек. Өйткені қазақтың ауызша дерегін тәпсірлеу өте қиын. Бір қарағанда оңай көрінеді.
Мысалы, кейбір әңгімелер ХІХ ғасырдың оқиғасы сияқты көрінеді. Нақтырақ айтсақ, «Баяғыда Бөрі деген жігіт бір қарияның қолына келіп, жылқысын баққан екен» деген деректер бар. Бір қарағанда қарапайым әңгіме сияқты. Ал шын мәнінде бұл ІХ ғасырдағы үшінші Түрік қағанаты құлаған кездегі көш-қонды көрсетеді. Яғни, мың жылдық тарих жатыр. Сондықтан ауызша дерек – өте маңызды дерек көзі. Бұл – халықтың өзі туралы айтқан пікірі, өзінің тарихы туралы түсінігі.
ХХ ғасырдың басында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Біреу Қытайдан, енді біреу Ресейден көшіріп жатыр. Бұл бізге қалай тарих болады? Қазақтың «Түгел сөздің түбі бір» деп Майқы биден бастаған ешқайсысы жоқ», – деп алаңдаған.
Қазіргі таңда 10 томдықпен айналысып жатырмын. Ол фундаменталдық еңбек болады деп ойлаймын. Оның ішінде ауызша және дәптер шежірелері де бар», – деп сөзін түйіндеді тарихшы