«Заң және тәртіп»: Алматыда заңсыз базар орнында жаңа кеңістік пайда болады

Бүгін, 21:08 / Alashorda
Ашық дереккөз

Алматыдағы әйгілі «Барахолка» аумағында 2018 жылдан бері қажетті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп келген заңсыз «Рахат» базарының жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл нысан төңірегіндегі дау-дамайлар ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген еді. Бүгінде мәселе заң аясында шешіліп, сот шешімдерін орындау аясында аумақ заңсыз саудадан толық босатылды.

Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 150-ден астам кәсіпкер базар аумағынан өз еркімен көшті. Оларға көршілес базарлардан жеңілдетілген шарттармен баламалы сауда орындары ұсынылды. Контейнерлер, шатыр жабындары мен қоршауларды кәсіпкерлер өз күштерімен бұзып, алып кетті.

Жетісу ауданы әкімдігінің мәліметінше, бұрынғы базардың орнында енді абаттандырылған қоғамдық кеңістік пайда болады. Мұнда келушілерге арналған демалыс аймағы жасалып, аумақтың бір бөлігі автотұрақ ұйымдастыруға беріледі. Бұл өз кезегінде осы маңдағы ретсіз көлік қою мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Қалада заңсыз сауда нысандарын анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасып келеді.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мегаполис аумағында заңдылық пен тәртіптің қатаң сақталуы қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.

Заң тұрғындарға да, бизнеске де ортақ болуы тиіс.

Алматы Дархан Сатыбалды «Барахолка»