«Заң және тәртіп» қағидаты аясында Astana International University студенттері үшін цифрлық қауіпсіздік бойынша сабақтар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сабақтарды Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жүргізді. Негізгі мақсат – жастарға жеке деректермен сауатты жұмыс істеуді үйрету және интернеттегі жалған ақпаратты тану дағдыларын қалыптастыру.
Департамент қызметкері студенттерге цифрлық гигиена ұғымын түсінікті әрі қолжетімді түрде түсіндірді. Оның айтуынша, цифрлық гигиена – интернетте қауіпсіз әрекет етуге арналған ережелер жиынтығы, ол өзіңді және жеке деректеріңді қорғауға көмектеседі. Бұл, әсіресе, жастар үшін маңызды, өйткені олар желідегі барлық қауіп-қатерді әрдайым толық бағамдай бермейді.
Цифрлық гигиенені үйрену – нақты өмірдегі қаржылық қауіпсіздік негіздерін меңгерумен бірдей маңызды.
Сабақ барысында студенттер дипфейктердің қалай жасалатынын, олардың бопсалау, қаржылық алаяқтық және жалған ақпарат тарату схемаларында қалай қолданылатынын білді. Сонымен қатар интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық қағидалары, жеке деректерді қорғау тәсілдері, фишинг, онлайн алаяқтық және деректердің таралуы сияқты өзекті қатерлер жайлы ақпарат алды.
Іс-шара белсенді және интерактивті форматта өтті: студенттер сұрақтарын қойып, жауап алды, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздікке қатысты практикалық кеңестер тыңдады.
Мұндай кездесулер жастардың түрлі алаяқтық түрлеріне қарсы иммунитетін күшейтіп, олардың цифрлық және қаржылық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.