ЖАҢА ДӘУІРДІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Бүгін, 13:48 / Alashorda

Мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, академик Қылышбай Бисенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына байланысты пікір білдірдіМ, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы жаңа мазмұнға толы, ел дамуының жаңа белестерін белгілеген, нақты қадамдарға бағыт-бағдар жасалған, айқын мақсаттар мен қазіргі әлемдік ахуалдың, беталыстардың жәй-жапсары көрсетілген маңызды құжат болып табылады.

Осы Жолдаудың білім саласына байланысты, адам капиталын дамытуға байланысты айтылған тұстарына тоқталғым келеді. Әрине, қай кезде де білім беру саласы айрықша рөл атқаратыны белгілі, биылғы Жолдауда да ол ұстаным маңызын жоймаған. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрғаны, қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиістігі көрсетілді.

Сондай-ақ, Жолдаудың тақырыбына сай, цифрлық технологиялардың маңыздылығы айрықша аталды. Президент тапсырмасына сәйкес 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оған барлық оқу орындары, университеттер қатысып жатыр.   Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуді алға қойды. Бұл - ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды», - деді Президент. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру керектігін, жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болатынын айтты. 

Жасанды интеллектіге келетін болсақ, адамның өз қолымен жасалған жасанды интеллект қазір бізге тұрмыста болсын, экономикада болсын бәсекелестік орта қалыптастырып отыр. Бірақ біз енді одан қашып кете алмаймыз да. Бұл салада елде білікті мамандар жетіспеуі, бізге білікті мамандар өте қажеттігі, әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керектігі, сондықтан қажет болса шетелден шақыру керектігі, сапасы жоғары адами ресурстар болуы керектігі айтылды.

«Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек», - деді президент.

Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет болғандықтан, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Біз мамандарға деген құрметті арттыруымыз керек. Бұл да Жолдауда айтылған маңызды мәселе. 

Жолдаудың негізгі мақсаты - жасанды интеллектіні жаппай енгізу, цифрландыру арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуін ілгерлетіп, жаңа сатыға көтеру. Еліміздің негізгі стратегиялық дамуы да осы бағытта серпін алмақ. Сондықтан әрбір білікті де, білімді азамат Жолдауда алға қойылған мақсаттарды жүзеге асырып, еліміздің қарқынды дамуына өз үлесін қосады деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қылышбай Бисенов Жоддау