Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов естелігінде әйелі Халима қайтыс болар алында не айтқанын жазады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
* * *
Халима аурухананың реанимация бөлімінде 13 күн жатты. Талай емдеуден өтіп, асқынған шегіне жеткен бауыр ауруы бой бермеді. Бір күні түнде аурухананың кезекші дәрігері маған телефон соқты.
– Апай сізді шақырып жатыр. Айтатын сөзім бар еді дейді, – деді.
Түнгі сағат бірде балалар бәріміз жан ұшырып, ауруханаға жеттік. Реанимация бөлімінің палатасына балаларды кіргізбеді. Мені жалғыз жіберді. Мен палатаға кіріп, қасына барып, құшақтап бетінен сүйдім. Халима менің қолымды сипап жатып, сөз сөйледі.
– Мен жеті жасымда жетім қалып, 5 жасар сіңлімді жетектеп, балалар үйіне түстім ғой. Балалар үйінде сіңлім Ханымхан қайтыс болып, мен жалғыз қалдым. Содан 10 жыл балалар үйі мен интернатта тәрбиелендім. Сан рет ауырып, ауруханада жатып, балалар санаторийінде емделдім. Соғыстан кейін Мәскеудегі әскери госпиталь, санаторийде жатып, бір жарым жыл медициналық бақылауда болдым. Сан рет өліп, сан рет тірілгенмін. Одан кейін екеуміз қосылып, 54 жыл бірге өмір сүрдік. Екеуміздің бір-бірімізге деген махаббатымыз мені өлмеуге мәжбүр етті. Саған қосылып, балалы-шағалы, немерелі, шөберелі болып, бақытты өмір сүрдім. Қазір 80 жасқа жеткенім мәртебелі махаббаттың арқасы деп білемін. Енді, міне, айрық жолға жеткен сияқтымын, Саған айтатын мынадай өсиетім бар.
Халима осылай деп бір тоқтады. Біраз демалғаннан кейін, қайтадан сөзін жалғады:
Бірінші айтарым: Мен олай-бұлай боп кетсем, сен жылама. Жыласаң: әрі балаларды жасытасың, әрі жұрттың сөзіне қаласың. Қазақта: “Қатын өлді, қамшының сабы сынды” деген сөз бар. Сен жыласаң, жұрт сені мазақтап кетеді: “Қатыны өлгенге жылаған жаман, жасық неме екен ғой!” дейді. Өзім өлсем де сенің соңыңнан сөз ермесе екен деймін.
Екінші айтарым: Қазір жұрттың бәрі өтірік болса да, шын болса да діншіл болып алды. Сен ғылымға ғана сенесің. Жердегі Құдай – дәрігерлер деп білесің. Оның жөн. Бірақ, сен мені мұсылманша жөнелт. Мені жөнелту жұмысын Мақыш досымыз Байсейітоваға тапсыр. Жаназамды өзім жақсы көріп, қадірлейтін Асылхан қажыға шығарт. Егер молда шақырмасаң жұрт: “әйеліне құран оқытпай, арам өлтірді” деп қаңқу қылады. Мен сенің жұрттың осындай жаман, лас сөзіне қалмауыңды тілеймін.
Үшінші айтарым: Сақалыңды өсірме, шашыңды қобыратпа, жағанды қисайтпа. Үнжырғанды түсірмей, тік жүр. Жұрт сені: "әйелі өлгеннен кейін жүнжіп кетіпті" демесін!
Төртінші айтарым: Мен ертеден өзім өлсем саған серік болар қандай әйел бар деп ылғи ойлап жүруші едім. Таба алмадым. Өйткені саған жас әйелдің керегі жоқ. Жас әйелдің жат еркекпен қылмыңдағанын көтере алмайсың, жүйкенді жұқартасын. Қартан әйелдер аяқтарын әрең алып жүр. Олардың өздеріне күтім керек. Сен ешкімді күте алмайсың, күтуші бола алмайсың. Енді 80-ге келгенде саған үйленудің қажеті болмас. Балаларымыз күтер. Әрине, менің күтімімдей болмас. Бірақ, балалар не тамақ жасап берсе, соны іш. "Анау жоқ, мынау жоқ" деп балалардың мазасын алма – жек көріп кетеді, өз балаларына ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келін – ұрпағыңның анасы ғой!
Бесінші айтарым: Ұлдар арақ ішпесін!
Алтыншы айтарым: Ұлдар, қыздар, келіндер, немерелер сені күтсін. Сені күткені анамыз, әжеміз, енеміз деп мені ардақтағаны, менің жаным жайлы жатуына көмектескендері деп білсін. Саған осыларды айтайын деп шақыртып едім.
Ал енді не айтамын? Жер аман болсын! Ел аман болсын! Ұлт аман болсын! Ұрпақ аман болсын! Біз сияқты ата-аналар әркім өз уақытында өмірден өтіп жатады ғой. Оның уақасы жоқ. Барлық ағайын, туыс, достарға, қымбат көршілерге сәлем айт. Бәрінің ұзақ өмір сүрулерін тілеймін. Қош бол! Қош. Енді тез балалардың қасына бар. Сені күтіп, үрейленіп тұрған шығар, бәрінің бетінен сүй. Мен үшін сүй!
Осылай деп басын сәл көтеріп, мені үш рет бетімнен сүйді. Үйден фотоаппарат ала барған едім. Дәрігерге айтып (дәрігердің аты Мадина Қосмұхамедқызы Туғанбекова), Халима екеуіміздің құшақтасып, сүйісіп жатқан сәттерімізді суретке түсіртіп алдым.