Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев Алматы қаласында Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің директоры жұмыстан шығарылғаныны мәлімдеді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 8 мамырда әскери колледж 40 жылдығын атап өткен. Кәсіпкер Қайрат Сатыбалдының да салтанатты жиында жүргені туралы видеоны білім беру мекемесі әлеуметтік желілерге жүктеген, алайда қолданушылардың сынынан соң оны алып тастаған.
Министрліктің қатысы жоқ
21 мамырда парламенттің төменгі палатасына барған Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев БАҚ өкілдерінің колледждегі оқиға туралы сауалдарына жауап берді. Шенеунік министрліктің білім мекемедегі іс-шараға қатысы жоқ деп отыр.
«Колледждің 40 жылдық мерейтойы өткен. Түлектер ұйымдастырған іс-шара. Бұған министрлік араласқан жоқ. Ол кісі (Қайрат Сатыбалды – ред.) сол мекеменің түлегі ретінде сол жерге келген», – деп түсіндірді вице-министр.
Сатыбалды дәріс оқымады
Шенеунік сыбайласқан жемқорлық айыптарымен сотталған азаматтың әскери колледж оқушылары алдында дәріс оқыған деген мәліметті жоққа шығарды.
«Дәріс оқыған дегенді бірінші рет естіп тұрмын. Оқыған жоқ, оқымайды да. Дәріс оқу үшін ұстаздар қауымы құрамында болуы керек», – дейді Ахмадиев.
Директор жұмыстан алынды
Қоғам сынына ұшыраған оқиғадан соң министрлік тарапынан колледж басшысына қандай да бір шара қолданылды ма деген сауалға вице-министр қысқа ғана жауап берді.
«Жазаланды. Қателеспесем, жұмыстан босатылды«, – деп мәлімдеді қорғаныс министрінің орынбасары.
Әскери колледж сайтында және әлеуметтік желідегі парағында білім мекемесін майор Берден Ақпанбеков басқаратыны жазылған.
Әлеуметтік желілерде таралған видеода Сатыбалдының колледж ұмысына телевизорлар сыйлап жатқаны бейнеленген. Ол осы мектепті 1986 жылы бітірген.