Теңге жыл соңына дейін тағы құнсыздануы мүмкін – экономист

Шетел валютасына сұраныстың артуы мұнай бағасының қымбаттағанына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес

НҰР-СҰЛТАН, 1 шілде — Sputnik. Теңгенің жағдайы қиын. Сарапшылар жыл соңына дейін валюта тағы да құлдырауы мүмкін екенін мәлімдеді. Тіпті келер жылы долларға шаққанда отандық валюта 500-теңгеге жетуі  ғажап емес.

Ал Ұлттық банк қандай да бір болжам жасауға әлі ерте дейді. Қазір ақша айырбастау пунктерінде жағдай қалыпты, деп хабарлады «Астана» арнасы.

2014 жылдың басында теңге 20 пайызға құнсызданғаннан кейін Ұлттық банк өкілдері мұндай девальвация енді болмайды деп сендірді. Бірақ жыл сайын тек құлдырап жатыр. Сарапшылар төл теңгенің болашағына алаңдаулы.

«Негізгі құлдырауға себеп болған фактор көп. Әсіресе соңғы уақыттағы девальвация. Пандемияның өзі де біраз бүйірден соқты. Онсыз да жыл сайын 3-4 пайызға құлдырайтын теңге, тұрақты құнын сақтап тұруы қиындау. Келер жылы 500-ге дейін өсіп кетуі ғажап емес», — дейді экономист Арман Байғанов.

Әлемдік саудамен сапырылысқан кез келген мемлекет үшін жаһандық валютаны «жеңу» мүмкін емес. Шешім іздеп теңгені еркін айналымға жібердік.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда теңгенің долларға шаққандағы өсімі 2,5 есе артқан. Оған төмендегі сандар дәлел. Ал Ұлттық банк әзірге нақты болжам жасауға асықпайды. Десе де экспорт мен импорт теңдігі арқасында төл валютамыз тұрақты орнын сақтап тұр дейді. Бірақ ішкі факторлардың әсерін банк өкілдері де мойындайды.

Мұнай қымбаттады: Теңге неліктен нығаймай жатыр

«Осы факторлардың барлығы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне әсер етеді. Қазіргі шетел валютасына сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жоғары бағасына қарамастан теңгенің нығаюына мүмкіндік берер емес», — деп түсіндірді Ұлттық банктің басқарма басшысы Мұхтар Орман.

Сарапшылар  халықты тәуекелге бармауға шақырады. Ел азаматтарына депозитті ұлттық валютада сақтауға кеңес беріп отыр.