«Баламыздың тәрбиесін Тик-ток желісіне байлап беруге болмайды»

Мемлекетіміздің мерейінің үстем болуы отбасылық құндылықтарының сақталып, дамуына тікелей байланысты. Сондай-ақ ана мен баланың мәселесіне бей-жай қарамай, олардың құқығын қорғау өте маңызды.

«Балабақша мен мектепке әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз»

Тарихшы-этнолог, журналист Тұрар Сәттарқызы жетекшілік ететін «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі отбасы құндылығына ерекше назар аударып жүр. Сондай-ақ аталған орталық ана мен баланың ұлттық рухта тәрбие алып, елге адал қызмет етуіне ықпал етеді.

«Негізі отбасы құндылығы дегеніміз әр ұлттың өзіне тән құндылығынан басталуы керек. Өкінішке қарай кей кездері отбасы құндылығын ұлттық құндылықпен байланыстыра бермейміз. Мысалы кейбір ата-аналар балаларына ұлттық тәлім-тәрбие бермек түгілі өзіне дұрыс ақыл-кеңес айтуды қажет етеді.  Бұған өз басым қайран қаламын. Жалпы маған қазіргі қоғамның бет-бейнесі күні-түні тик-ток әлеуметтік желісінде отыратын ата-аналардан құралатын секілді болып көрінеді. Еңбектеген баладан бастап еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желіге телмірсек, ұрпақ тәрбиесімен кім айналысады. Баламыздың тәрбиесін Тик-ток желісіне байлап беруге болмайды.

Мәселен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде балабақша мен мектепке жиі барып, әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Былтыр көктем айларында және биыл қыркүйектен бастап бірнеше балабақша мен мектепке барып, бірлестіктің алдына қойған негізгі міндеті бойынша жұмыс істеп жүрміз.  Сонда байқағаным кейбір ата-аналар біз секілді ұлттық рухта ақыл-кеңес айтатын адамды тыңдамайды. Олар депутат пен шенеуніктен ала алмай жүрген өшін менен алатындай көрінеді. Бір алаңдатарлығы көпшілік ата-аналар баласының бойына ұлттық рухты сіңіруге құлшынбайтын секілді. Айталық отыз ата-ананың ішінен баласына қазақы тәрбие бергісі келетін екі-үш ата-ананы байқаймыз. Ал өзге ата-аналар баласының қазақы тәрбиеде өсіп, ұлттық рухта қалыптасқанына немқұрайлы қарайды», – дейді ол.

«Өсекең ұрпақтың ұлттық тәлім-тәрбиеде өсуін бірінші орынға қою керек»

Тұрар Сәттарқызы баланың өз ана тілінде тәлім-тәрибе алуы өте маңызды екенін айтады.

«Біз үнемі «Бала қазақ тілінде тәлім-тәрбие алуы керек» деп айтамыз. Бірақ ата-аналар баласының өз тілін білуіне аса назар аудармайтын секілді. Кейбір ата-ана «Баламның киімі мен ішіп-жемін қамтамасыз етсем болды» деп оған дұрыс тәрбие беруді ойламайды. Иә, материалдық жағдайды ойлап, баланың ішім-жеміне мән берген дұрыс. Әйтсе де өсекең ұрпақтың ұлттық тәлім-тәрбиеде өсуін бірінші орынға қою керек. Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз ішерге асын таба алмай отырса да, бала тәрбиесін назардан тыс қалдырмаған. «Мың өліп, мың тірілген» демекші, қазақ халқы басынан ауыр кезеңдерді бастан өткерген. Десек те қанша қиын күндерді бастан өткерсе де, келешектен зор үміт күтіп, ұрпақ қамын жеуді ұмытпаған.

Қазіргі таңда, құдайға шүкір, халқымыздың жағдайы бұрынғымен салыстырғанда көш ілгері. Әйтсе де Тәжікстан мемлекеті ұйымдастырған халықаралық көрмеде Астана тұрғындарының жеміс-жейдекті талан-таражға салуы ұят жағдай болды. Менің ойымша, ол қарынның аштығынан емес, біздің рухани аштығымыздан болып жатқан секілді. Өздеріңізге белгілі біз капитализмге қарай бетбұрған елміз. Бірақ бізде әлі де болса, «Үкімет бәрін жасап беру керек, мен неге еңбектенуім керек» деген масылдық сана-сезім бар. Ащы да болса шындықты айтқан жөн шығар, біздің азаматтардың ішінде бәрін біреуден көру әдеті бар.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі арқылы «Балаңды қазақша оқыт» дегенді үнемі айтып жүремін. Қазіргі кезде жас ата-аналардың барлығының бакалавр бітірген, жоғары білімдері бар. Ең жоқ дегенде колледж білім алған. Осының арқасында белгілі бір жерде қызмет етеді. Бірақ олар «Біз баламызға қазақша үйрететін кітапты қайдан аламыз, бізге қажетті көмекші құрал жоқ» деп шағым айтады. Бірақ қазіргі кезде «Бал бала», Электронды киіз үй сияқты балаға ұлттық рухты сіңіретін неше түрлі мүмкіндіктер бар. Өкінішке қарай ата-аналар өздері ізденбейді. Оларға бәрін әкеліп, шайнап беру керек. Қазіргі кезде кейбір жас ата-аналардың өзі бала секілді», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ