«Жастардың басым бөлігі кітап оқиды»

CREATOR: gd-jpeg v1.0 (using IJG JPEG v62), quality = 90
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау педагог мәртебесі туралы заң ұстаз болуға жастардың қызығушылығын артырғанын айтады. Сондай-ақ ол студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары екенін ескертті.
«Аталған заңның аясында педагог мәселесі әлеуметтік, қоғамдық, мемлекеттік тұрғыдан көтерілді. Арнайы берілген гранттардың саны да еселеніп өсті. Биыл Абай университетінің өзі 3000-ға жуық мемлекеттік грант тапсырысын алып отыр. Осы жаңа өзгерістердің негізінде Астана қаласында педагогтарды даярлау және қамтамасыз ету үшін педагогтарды даярлайтын арнайы факультет ашылды. Бұл Астана қаласы бойынша педагогикалық мамандықтарды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Биылдың өзінде Астанада 300 грант иегері оқып жатыр.
Жұрт арасында «Жастар кітап оқымайды» деген стереотип бар. Мен өзім әлеуметтік даму проректоры ретінде студенттер үйін жиі аралаймын. Бізге оқуға түскен жастардың басым бөлігі кітап оқып, сабаққа дайындалып отырғанын көремін. Бұл дегеніміз оқитын, ойлайтын студенттердің өскенін көрсетеді. Қазіргі таңда біздің университеттің кітапханасы цифрландырылған. Яғни, үйінде отырып-ақ онлайн кітаптардың көмегімен сабаққа дайындала алады. Кітап оқу тек университеттің, мектептің акцияларына қатысты емес. Бұл жерде қоғамдық деңгейде кітап оқу тенденциясының қалай жүріп жатқанына байланысты. Қазір әлеуметтік желіде кітапқа жақындатпайын ақпараттар өте көп. Бірақ оның барлығы оқырманның қазіргі отандық қазақ әдебиеті немесе балалар әдебиетінің деңгейіне байланысты.
Егер Кеңес Одағындағыдай әдебиеттер дұрыс, мазмұнды, тартымды болса, оқырмандардың саны артады. Қазірде кітаптар шығарылып жатыр. Бірақ оның барлығы бұрынғы авторлардың кітаптарын қайта басып шығарумен шектеліп жатыр. Жаңа авторлар, жаңа шығармалар өте аз. Біз «Қазіргі жастар кітап оқымайды» деп айтамыз. Егер де оларға ұнайтын, заманауи жанр әдебиеттері уақытында отандық авторлармен шығып, саясат дұрыс жүргізілсе, жастардан көп нәрсе күтуге болады. Жастар көбінде шетел әдебиеттерін оқиды. Әсіресе ағылшын әдебиетін оқитын жастар көп. Кітап оқу білімнің бұлағы болғандықтан классикалық тұрғыда 35 шығармашылық студенттік клуб бар. Мен әрбір студенттік клубтармен кездескен жағдайда, ең бірінші мазмұнын түсіну үшін міндетті түрде кітап оқудан бастаймын. Сондықтан, кітап оқуға баулу міндетті күн тәртібінде тұрған мәселе», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ