Наурыздың қайта оралуы

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – ежелден бері парсы, кавказ және түркі халықтарының арасында жаңа жылдың бастауы ретінде тойланып келе жатқан жыл бастау мейрамы. Негізінде Наурыз мерекесінің шежіресінің шеті жоқ. Мұны табиғатпен үндес көшпелілер ғана емес, Батыс пен Американың бірқатар жергілікті халықтары да мойындайды.  Бұл мереке – айқай-шу мен мақтангершіліктің емес, кішіпейілділік пен салт-дәстүрлердің көрініс табатын күні.

1926 жылдары Қазақстанда, Совет үкіметін орнатқан большевиктер, КСРО құрамындағы Орта Азия жерін мекендеген түркі тектес халықтарға наурыз мерекесін тойлауға тыйым салды. Ұлыстың ұлы күні деп ардақтайтын наурыз мерекесінде жұрт мол жиысып, мал-жанның амандығын сұрасып, арадағы дау-дамай, өкпе-реніштер ұмытылатын рухани мерекені советтік идеология жою үшін барын салған. Ал 1930 жылы құрбан айт, ораза айт мейрамдарының да тойлануына шектеу қойылды. Ұлтты рухын көтеретін, қазақтығын танытатын Наурыз сияқты мерекелерге шектеудің қатты болғаны соншама, алпыс екі жылда бұл мереке қазақ қоғамының ортасында бұрынғыша тойланбады. Алайда, саяси жүйенің әсерінен ғасырлар бойы тойланып келе жатқан жаңару мейрамы, ел есінен өшті дей алмаймыз. Қазақтар қоныстанған ауылдарда наурыз шағын мереке түрінде аталып келді.

Біз осы шағын мақаламызда 1926 жылдан 1988 жылға дейін, араға 62 жыл салып қайта оралған наурыз мерекесінің тағдыры туралы баяндаймыз. «Отбасы хрестоматиясы» шығарған «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітабында наурыздың қайта тойлануын Өзбекәлі Жәнібековтың қайраткерлігімен байланыстырады. Шынтуайтына келгенде, наурыз мейрамының қазақ халқына қайта оралуына 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тікелей себеп болды.

Халқымыздың аяулы ақыны Мұхтар Шаханов өз жазбасында наурыз мейрамын қайта жаңғырту жөнінде сол кездегі басшы Г.Колбинге хат жазғанын тілге тиек етеді. Хатта наурыз мерекесін қайта тірілтуін өтінген. Ол хатты Г.Колбин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында қараған екен. Бұл ұсынысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қана қолдаған. Колбин Мұхтар Шахановты өзіне шақыртып, Наурыз мейрамын қайта тойлауға рұқсат бере алмайтынын айтқан. Сол кезде оған Мұхтар Шаханов: «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орыс пен қазақ ұлтының арасына сына боп енді. Сөздің ашығы керек, қазір қазақ халқы сізге де жылан көргендей шошына, жиырыла қарайды. Егер сіз Наурыз мерекесін тойлауға мүмкіндік алып берсеңіз, бүкіл қазақ қауымы сізге өзгеше  көңілмен, өзгеше ниетпен бұрылатын болады» дегенінде, Г.Колбиннің қуанып кетіп: «Ендеше, Наурызды тойлатайық. Мен қайткен күнде де Кеңес Одағының басшысы Горбачевты бұған көндіремін», – деп жауап берген.

Өзбекәлі Жәнібеков өз естелігінде мұны растап, «Наурыз мерекесі осылайша 1988 жылы алғаш рет Алматы қаласы мен Алматы облысының Жамбыл ауданында үлкен халықтық мейрам ретінде өткізілді» деп жазады. Кейбір жазбаларда «1988 жылы Алматыда алғаш рет тойланған Наурыз мерекесіне 100 мыңдай адам қатысты» деп жазылады.

Осылайша, қазақ қоғамы ұзақ жылдар бойы тойламай, қол үзіп қалған Наурыз мейрамы қайта жаңғыртылып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр. Наурыз мейрамын атап өту арқылы қазақ халқы өз тарихын, мәдениетін және дәстүрін танытып, оның терең мәнін жастарға жеткізуде.

2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізді. Бұл Наурыздың тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтары мен әлем елдерінің ортақ мұрасы екенін айғақтайды.

 

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ